Степногорскідегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңартуға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Қаржы бағытталған нысандардың қатарында Қуандық Бишімбаев жазасын өтеп жатқан №5 мекеме де бар, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
Бас прокуратураның мәліметінше, биыл Степногорск қаласының прокуратурасы жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлінуіне ықпал еткен. Қаражат қаладағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалады.
Атап айтқанда, Қуандық Бишімбаев жазасын өтеп жатқан №5 мекемеде заманауи бейнедомофонды бақылау жүйесі іске қосылды.
Жаңа жүйе бойынша сотталған адамға сыртқа шығу қажет болған жағдайда шақыру түймесін басады. Кезекші бөлімнің қызметкері бейнебайланыс арқылы оның кім екенін анықтап, шығу мақсатын нақтылайды. Рұқсат берілгеннен кейін ғана есік ашылады. Сотталған адам өткен соң есік автоматты түрде жабылады.
Бас прокуратура бұл жүйе сотталғандардың бақылаусыз қозғалуына жол бермей, өткізу режимін күшейтуге және мекеме мен қызметкерлердің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Қуандық Бишімбаевтың колонияда жоқ екені туралы ақпарат тараған болатын. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бұл мәліметті жоққа шығарып, сотталған адамның Степногорскідегі барынша қауіпсіз мекемеде жазасын өтеп жатқанын мәлімдеген.
Кейін оның адвокаты KAZ.NUR.KZ тілшісіне Бишімбаевтың қайда екені және колониядағы жағдайы туралы түсініктеме берген.
Сондай-ақ Сенат кулуарында бұрын Ішкі істер министрінің орынбасары болған депутат Марат Қожаевтан Бишімбаевтың қайда және қандай жағдайда жазасын өтеп жатқаны неге көрсетілмейтіні сұралған. Ол ресми тұлғаларға сену керектігін айтып, Бишімбаевтың Степногорскідегі барынша қауіпсіз колонияда отырғанын жеткізген.



