Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Қазақстанда ата-аналарға қандай жағдайда айыппұл салынатыны белгілі болды

Буллинг, баланың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруі және мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтамау ата-аналарға әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Айыппұл мөлшері құқық бұзушылықтың түрі мен қайталануына байланысты өзгереді.

Қазақстанда кәмелетке толмаған баланың тәрбиесі, қауіпсіздігі және білім алуына қатысты міндеттерін орындамаған ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сондай-ақ буллинг, баланың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруі және мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзу жағдайларында да жауапкершілік қарастырылған. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, ата-ана немесе баланың өзге де заңды өкілі кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және күтім жасау жөніндегі міндеттерін орындамаса, 10 АЕК немесе 43 250 теңге көлемінде айыппұл салынады.

Егер осы құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, 15 АЕК (64 875 теңге) айыппұл немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.

Бұл бап бойынша әкімшілік хаттаманы ішкі істер органдары, білім беру саласындағы уәкілетті органдар және бала құқықтарын қорғау органдары толтыра алады. Ал істің соңғы шешімін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қабылдайды.

Бұл ретте мектептің өзі ата-анаға әкімшілік айыппұл сала алмайды.

Буллинг үшін қандай жаза бар?

ӘҚБтК-нің 127-2-бабына сәйкес, кәмелетке толмаған баланы қорлау, буллинг немесе кибербуллинг жасағаны үшін ескерту немесе 10 АЕК (43 250 теңге) айыппұл қарастырылған.

Егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 30 АЕК-ке (129 750 теңге) дейін өседі.

Ал буллинг немесе кибербуллингті 12-16 жас аралығындағы бала жасаса, оның ата-анасына немесе заңды өкіліне ескерту жасалады не 10 АЕК (43 250 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Бала заңды өкілінсіз жүрсе

Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруіне де жауапкершілік қарастырылған.

Егер бала ойын-сауық орындарында 22:00-ден 06:00-ге дейін заңды өкілінсіз жүрсе, ата-анасына 3 АЕК (12 975 теңге) айыппұл салынады.

Ал кәмелетке толмаған бала үйден тыс жерде 23:00-ден 06:00-ге дейін заңды өкілінсіз жүрген жағдайда, бірінші рет ескерту жасалады.

Егер осы құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, 7 АЕК (30 275 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Мұндай құқық бұзушылықтарды ішкі істер органдары анықтайды.

Мектеп формасына қатысты талаптар

Қазақстанда мектеп формасына қойылатын талаптар Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен белгіленген.

Қолданыстағы талаптарға сәйкес, мектеп формасы зайырлы білім беру қағидатына сай, классикалық стильде және бір түсті гаммада болуы керек. Киімде үш түстен артық қолданылмайды, ал оның реңкі көзге бірден түспейтін, сабырлы түстерден таңдалуы тиіс.

Мектеп формасының нақты үлгісін ата-аналар, мектептің өзін-өзі басқару органдары, қамқоршылық кеңес және ата-аналар комитеті қатысатын талқылау нәтижесінде мектеп айқындайды. Бұл талаптар мектепішілік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі.

Сонымен бірге мектеп белгілеген талаптар министрлік бұйрығындағы нормаларға қайшы келмеуі тиіс.

Ата-аналар баласының міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауын қамтамасыз етуге міндетті.

Егер ата-ана білім беру саласындағы заңнамада белгіленген міндеттерін орындамаса, ӘҚБтК-нің 409-бабы бойынша ескерту жасалады немесе 5 АЕК (21 625 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл 20 АЕК-ке (86 500 теңге) дейін ұлғаяды.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектептер оқушыларды тек көк түсті форма киюге міндеттей алмайтынын айтқан. Оның сөзінше, мектеп формасына қатысты негізгі талаптар сақталуы қажет, ал мектептер осы талаптар шеңберінде оқушының киім үлгісін белгілей алады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button