Сәтбаев қаласындағы ауруханалардың бірінде медицина қызметкерлерінің ішімдік ішіп, отырыс ұйымдастырғаны туралы видео тарады, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты KAZ.NUR.KZ порталына с3лтеме жасап.
Желіде жарияланған бейнежазбада Наурыз мейрамы кезінде көмек сұрап келген тұрғындар медициналық қызметтің орнына ішімдік иісі мен қызметкерлердің оғаш әрекеттеріне тап болғаны айтылған.
Ұлытау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл оқиғаның 21 наурыз күні болғанын растады. Күндіз аурухана аумағында мерекелік шара өткізілсе, кешкі уақытта кезекші дәрігер мен бірқатар қызметкерлер өз бетінше дастархан жайып, ішімдік ішкен.
Ведомство мәліметінше, бұл шараға аурухана әкімшілігі рұқсат бермеген және жағдай туралы басшылыққа уақытында хабарланбаған. Оқиға мерекелік демалыстардан кейін ғана белгілі болған.
Тексеру нәтижесінде кезекші дәрігер еңбек заңнамасына сәйкес жұмыстан шығарылды. Сонымен қатар директордың міндетін атқарушы орынбасарына және екі мейірбикеге қатаң сөгіс жарияланды. Аурухана директоры еңбекке жарамсыздық парағынан шыққан соң, оған қатысты да тәртіптік шара қаралатын болады.



