Семей қаласында бірнеше ер адам биологиялық орталықтағы арыстандарға тас лақтырғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Qandastar.kz abainewskz-ке сілтеме жасап.
Мәліметке сәйкес, оқиға балаларға арналған биологиялық орталықта болған. Белгісіз азаматтар жануарлардың назарын аудару мақсатында олардың қоршауына тас лақтырған. Бұл жағдай түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде жарияланған.
Орталық өкілдері мұндай әрекеттердің жиілеп кеткенін айтып, оны жануарларға жасалған қатыгездік деп бағалады. Олардың сөзінше, келушілер кейде арыстандарға тас, таяқ және басқа да заттарды лақтырып жатады.
Мекеме қызметкерлері жануарлар да ауырсыну, қорқыныш және күйзелісті сезінетінін еске салып, мұндай әрекеттерге жол бермеуге шақырды. Сонымен қатар, Қазақстан заңнамасына сәйкес, жануарларға зиян келтіруге тыйым салынғаны және ол үшін жауапкершілік қарастырылғаны атап өтілді.
