Жаңалықтар

Су тапшылығы туралы жиірек, қаттырақ, кеңірек айтыла бастады

Су тапшылығы тек елімізге емес, бүкіл әлемге тән құбылыс болғалы тұр.

Сарапшылар тіпті су үшін соғыс болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Ендеше, ең бірінші кезекте оны үнемдеу керек. Ол үшін әлемде және елімізде оның қанша ресурсы бар соған көз жүгіртіп көрейікші.

Өйткені, су тапшылығы болмайтын елдер де кездеседі. Мәселен, алғашқы ондықта Бразилия, Ресей, Канада, Қытай, Индонезия, АҚШ, Бангладеш, Үндістан, Венесуэла, Мьянма сынды мемлекеттер тұр. Олардың су қоры орналасу ретіне қарай 6,5 мыңнан 1,0 мың текше шақырым аралығында. Ал Қазақстан бұл тізімде 66-орында, су қоры 107,5 текше шақырым ғана.

2040 жылы 40 елде су тапшылығы орын алмақ. Оған біздің ел де кіреді екен. Әрі еліміздегі су тапшылығының деңгейі 80%-ды құрамақ. Климаттың өзгеруіне байланысты Орталық Азияда басты су көзі саналатын мұздықтар күрт азайып барады. Осы жағдай аймақтың азық-түлік, энергетика және экология қауіпсіздігіне едәуір қатер төндіреді.

Тағы бір дерек – 2050 жылға қарай 5,5 миллиард адам ауыз суға мұқтаж болуы мүмкін. Біріккен Ұлттар Ұйымы келтіретін бұл цифр – жер халқының үштен екісі. Ендеше, мәселенің өзектілігі осыдан аңғарылса керек.

Ал Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша Қазақстандағы су қоры 2030 жылға қарай жылына 90 текше шақырымнан 76 текше шақырымға дейін азаяды. Бұл алдағы 7 жылда су тапшылығы 15%-ды құрайды деген сөз. Бұған еліміздегі су көздерінің 44%-ы көрші мемлекеттерде екендігі де сеп болмақ. Сондықтан бүгінгідей ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Мәселен, су тұтыну 3 мақсатта – ауыл шаруашылығында, өндірісте және тұрмыста жүзеге асатынын ескерсек, соның ең көбі агросекторда. Ал тұрмыста тұтынылатыны – жалпы су көлемінің тек 4%-ы ғана. Мамандар, соның өзі де көп екенін айтады. Өйткені, әрбір адамға ішуге, тамақ дайындауға және жеке гигиена үшін күніне 20-50 литр су керек болса, біздің одан да асырып, тіпті 100 литрге дейін пайдаланатын кезіміз жиі. Бірақ, оның басым бөлігі ысыраппен кетіп жатыр. Сол себепті ендігі жерде елімізде су үнемдеу технологияларын қолданыса енгізуді міндеттеу керек. Ондай құрал-жабдықтар мен қондырғылардың түрі шаруашылықта да, тұрмыста да жетерлік. Солардың бірқатарына тоқтала кетейік.

Гидрогель су шығынын 50-75% азайтады

Еліміздегі су ресурстарының басым бөлігін, яки 63%-ын ауыл шаруашылығы пайдаланады. Өкінішке қарай, оның тең жартысы тасымалдау кезінде рәсуа болады екен. Өйткені, бірінші кезекте инфрақұрылымдар ескі. Екінші кезекте, келіп тұрған судың өзі құйып суғару немесе бүркіп суару жолымен қажетті көлемнен де көп пайдаланылады. Осылайша, өсімдіктің тамырына ғана емес, ашық топыраққа да түсіп, босқа жерге сіңіп немесе ауаға ұшып кетеді. Сондықтан да егін шаруашылығына арналған үнемдеу технологияларын қолданған жөн. Мәселен, солардың қатарында тамшылатып суару, шөптен жабын жасау (мульчирование), гидрогель, жаңбыр суын жинау, қар суын тоқтату, жылыжай, гидропоника, аквапоника, аэропоника сияқты түрлерін атауға болады. Соның ішіндегі ең бір ғылыми жетістікке жататыны — гидрогель. Бір қуантатыны – мұндай өндіріс біздің елімізде бар екен.

«Біздің компания 2021 жылы құрылған. Нақтырақ айтқанда осы уақыттан өнімімізді саудаға шығара бастадық. Ал оған дейін 2016 жылдан бастап гидрогельді ойлап табу, ғылыми сынақтардан өткізу жұмыстарымен айналыстық. Өнім полиакриль қышқылы мен калий гидрототығының молекулаларын біріктіру жолымен жасалған. Су сіңіргіштігі өте жоғары. Топырақ жағдайына қарай 200-400 милилитрден 1 литрге дейін суды бойында ұстап тұруға мүмкіндігі бар. Ол судың 95%-ға дейінін өсімдіктер ала алады. Яки, су топыраққа сіңіп кетпейді, жер қыртысының өзіндік сипатына әсер етпейді және сонымен қатар өсімдікке оңтайлы ылғал-ауа режимін сақтайды. Сумен араласқан тыңайтқыштарды жаңбыр шайып кетпейді, оны тікелей өсімдіктің тамырына береді. Сонысымен су мен тыңайтқыш шығынын азайтады, тасымалдау, отырғызу кезінде өскіндердің тамырын қорғайды, жерсінуіне көмектеседі, өсімдіктердің құрғақшылыққа төзімділігін арттырады, топырақты қопсытып тұрады, ал 3-5 жылдық жарамдылық мерзімі біткеннен кейін, биологиялық жолмен  топыраққа араласып кетеді. Ең бастысы адамға да, қоршаған ортаға да қауіпсіз. Сынақтарды Оңтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарындағы тәжірибе алаңдарында, «Семей Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында өткіздік. Елімізде бізден басқа мұндай өндіріс жоқ. Гидрогельдер түрлі мақсатта, яки өндірістік, шаруашылық, медициналық салаларда кездеседі.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close