Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Тоқаев қаржылық заңбұзушылықтарға қарсы күресті күшейтуді тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасы Жанат Элимановты қабылдады.

Кездесу барысында Президентке агенттіктің атқарған жұмыстарының негізгі нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған міндеттері таныстырылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Жанат Элимановтың мәліметінше, бюджет шығыстарын бақылау кезінде мал шаруашылығы саласына бөлінген 30 млрд теңге субсидияның тиімсіз пайдаланылу тәуекелдері анықталған.

Сонымен қатар ғылыми зерттеулерді коммерцияландыруға бағытталған 10 млрд теңгеден астам қаражаттың мақсатсыз жұмсалу белгілері белгілі болды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатын жымқыру фактілері бойынша 14 сотқа дейінгі тергеу басталған. Ал құрылыс саласында 5,3 млрд теңгені заңсыз иемдену әрекеттеріне байланысты 21 қылмыстық іс қозғалған.

«Бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылау күшейтіліп, бірқатар тәуекелдер дер кезінде анықталды», – делінген мәлімдемеде.

Алаяқтыққа қарсы күрес аясында 17 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылып, банктер мен байланыс операторлары атын жамылған фишингтік SMS таратқан топ әшкереленген.

Сондай-ақ 3,7 мың алаяқтық сайт пен 22 чат жабылып, 400-ден астам жалған құрылыс компаниясының лицензия алу әрекетіне тосқауыл қойылған.

Қылмыстық табыстарды жылыстатуға қарсы іс-қимыл нәтижесінде дроп-карталарға қатысты 14 тергеу басталып, олардың айналымы 13 млрд теңгеден асқаны анықталды.

Бұдан бөлек, «көлеңкедегі» тұлғаларға рәсімделген 68 мыңнан астам банк картасы бұғатталған.

Сонымен қатар жалған компаниялар арқылы жасалған заңсыз әрекеттер бойынша 23 іс тіркеліп, келтірілген залал шамамен 13 млрд теңгені құраған.

Қаржы пирамидалары мен онлайн-казино арқылы табысты жылыстатумен айналысқан үш жасырын криптоайырбастау қызметінің жолы кесілді. Заңсыз криптооперацияларға қатысты 483 сілтеме жойылған.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы агенттіктің негізгі бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Back to top button