Білім

«Тұран. Қайта берілген мүмкіндік»

    Мектеп табалдырығын аттаған әр түлектің арманы ата-анасының үмітін ақтап, он бір жыл бойына сіңірген білімінің деңгейін өсіріп жоғары оқу орнына грантка түсу. Он бірінші сыныпты қызыққа толы өткізудің орнына, зейінінің бәрін Ұлттық бірыңғай тестілеуіне дайындықпен көз ілмей өткізген  түлек үшін мемлекет грантын ұтып алу үлкен мақсат. Мен де осы үш жыл бұрыңғы түлек сәтіме оралғым келіп отыр. 

Шығармашылық бағытты таңдап, журналист мамандығына грантқа түсіп, өзімді де, ата-анамды да қуанту менің сол жылғы ең маңызды мақсатым болған еді. Бір жылымды осы емтиханға дайындықпен өткіздім, өзіме сенімділікпен және бір аз қобалжумен көптен күткен ҰБТ-ны тапсырдым. Жақсы ұпай жинадым, грант конкурсына «түсемін» деген сеніммен тіркелдім.

Конкурсқа қатысушылардың бәрінің жазы осы сайыстың жауабын білумен өтті. Көп күттірген күн де келіп жетіп, тамыз айында конкурс нәтижелері жарияланды. Тізімде өз есімімді таппадым. Мен үшін бұл өте күтпеген жағдай болды, дәл мен секілді балл жинаған 3 түлек грант иегері атаныпты, бірақ маған бұл бақыт бұйырмапты… Бұл хабарды білгеннен кейін, өзімнен бөлек, ата-анамды уайымдадым, ұялдым, қысылдым. Сол күнгі түнім ұйқысыз өтті, инстаграм желілерін ақтарып отырып қазіргі студенті болып отырған оқу орным Тұранның жазбасын көріп қалдым. Ректорлық грант беріліп жатыр екен, жинаған баллына қарай бір, екі, үш немесе төрт жылдық грант алу мүмкіндігі бар екен. Жазбадағы кестеге қарап өзімнің баллымның төрт жылдық грант алуға мүмкіндігі жететінін көріп, ішімде бір үміт пайда болды. Қабылдау комиссиясына жазып, қабылдауға ертең келуге болатынын айтты. Қабылдау комиссиясы демалыссыз жұмыс жасап жатыр екен, қуанып кетіп, анамды ертіп сенбі күні ерте осы оқу орнына келдім. Мен секілді жақсы балл алып, бірақ мемлекеттік грантқа жете алмай қалған болашақ әріптес студенттер өте көп екен. Ішімнен «барлығына берілмейтін шығар, бір шектеу саны бар-ау» деген уайыммен отырдым. Алайда, сенесіздер ме? Қабылдау комиссиясының кезегінде отырған барлық түлек өз баллына сай грант иегері атанды. Сол есіктен барлығы жүздеріндегі күлкімен, қуанышпен, жаңа бір үмітпен шығып жатты.

Сол сәттен бері қазір Тұран университетінде Рахман Алшанұлының бізге берген мүмкіндігінің арқасында журналистика кафедрасының қазақ бөлімінде 80 журналист білім алып жатырмыз. Тұран өшкен үмітімізді қайта жаққан орын! Болашаққа үмітпен қараған түлектерге жарқын болашақ құруға мүмкіндік бере алған орын!

 

Журналистика және репортер ісі кафедрасының

3-ші курс студенті Тұрдыбекова Тумарис

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close