Әлеумет және қоғам

Ұлытаулық Түймегүл Темірбаева 116 жасқа толды

Ұлытау өңірінің тұрғыны Түймегүл Темірбаева 116 жасқа толып, Қазақстандағы ең қарт тұрғын атанып отыр. Кейуана әлі де ширақ, үй шаруасына араласып, ұзақ жасаудың сырын адал еңбек пен жақсы ниетпен байланыстырады.

Ұлытау өңірінің тұрғыны Түймегүл Темірбаева 116 жасқа толып, өмірінің тағы бір көктемін қарсы алды. Кейуана әлі де сергек, күнделікті тірлікке араласып, бос отырмайды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап хабарлады.

Өмірінің көп бөлігін ауыр еңбекпен өткізген әже қазір де үй шаруасынан қол үзбеген. Құрт жайып, түрлі тұрмыстық жұмыстарға көмектеседі. Түймегүл апа жұбайы Аязбай Темірбаевпен бірге ұзақ жыл бойы жылқы бағып, мал шаруашылығымен айналысқан. Қиын еңбекке қарамастан, екеуі де өмірге ширақ болған. Аязбай ақсақал 95 жасында дүниеден өткен.

116 жасқа келген Түймегүл әже әлі күнге дейін көзілдіріксіз ине сабақтап, тігін тігеді. Қимылы да жеңіл. Ол ұзақ жасаудың сырын адал еңбек пен жақсы ниетте деп біледі.

“Жүзден асып бара жатырмын. Балаларым аман болсын, солардың алдында кетсем деп тілеймін”, – дейді Түймегүл Темірбаева.

Жақындарының айтуынша, әже өмірінде “ауырып жатырмын” деп шағымданбаған. Еңбекпен өскен ол қартайдым деп қарап отырмай, әлі де үй шаруасына араласып тұрады.

Келіні Раушан Темірбаеваның айтуынша, кейуана кейде сыртқа шығып серуендеп келеді, көбіне үйде болады. Бұрын барлық жұмысқа белсенді араласқан. Қазір теледидар көріп, отбасы мүшелеріне тамақ дайындап береді.

Түймегүл Темірбаева қаңтар айында 116 жасқа толған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оның Қазақстандағы ең қарт тұрғын екенін растаған. Қазіргі таңда ол Қызылжар кентінде кенже ұлының қолында тұрады. Әжей 4 бала тәрбиелеп өсірген, бүгінде 15 немере мен 25 шөбере сүйіп отыр.

Back to top button