Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Wildberries Қазақстанда «Бөліп төлеу» қызметін іске қосты

Wildberries маркетплейсінде енді тауарды алты бөлікке бөліп төлеу мүмкіндігі пайда болды. Жаңа қызмет тұтынушыларға шығындарын икемді жоспарлауға көмектесіп, сатушылар үшін сатылымды арттыруға ықпал етеді.

Қазақстандағы Wildberries маркетплейсінде BNPL форматындағы «Бөліп төлеу» қызметі іске қосылды. Бұл мүмкіндік тұтынушыларға тауар құнын бірнеше бөлікке бөліп төлеуге жағдай жасап, шығындарын ыңғайлы жоспарлауға көмектеседі. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz порталына сілтеп хабарлады.

Қызмет қазірдің өзінде бірқатар пайдаланушыларға қолжетімді. Оны қолдану үшін төлем кезінде «Бөліп төлеу» нұсқасын таңдау қажет. Сатып алуды растау алдында жүйе төлем шарттары мен кестесін көрсетеді.

Бұл тәсіл бойынша төлем алты бөлікке бөлініп, әр екі апта сайын банк картасынан автоматты түрде алынады. Егер тауар қайтарылса, бөліп төлеу тоқтатылып, төленген қаражат толық қайтарылады.

Жаңа қызмет сатушылар үшін де тиімді, өйткені ол сатылым көлемін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл мүмкіндік олардың табысына әсер етпейді — олар тауар құнын толық көлемде алады.

Компания өкілдерінің айтуынша, бұл бастама пайдаланушыларға ыңғайлы төлем тәсілдерін ұсыну және қаржылық сервистерді дамыту стратегиясының бір бөлігі болып табылады.

Back to top button