ЖаңалықтарҚаржы және төлемдер

Жемқорлардан тәркіленген ақшаға салынған және жемқорлық салдарынан сапасыз болған мектептер

Мемлекет қаржысын жымқырған жемқорлардан ақша тәркіленіп, мектептер салуға жұмсалуы тиіс» деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Соңғы кезде жемқорлардан тәркіленген ақшаға салынған мектептер туралы айтыла бастады. Астанадағы сондай мектептің біріне Президенттің өзі де барды. Сонымен неше мектеп салынды, неше мектептің құрылысы аяқталды? Амангелді Сейітхан тарқатады.  

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Бұл жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынған Астанадағы мектептердің бірі – 96-шы гимназия. 4 қабатты ғимарат сыртынан өте әдемі, көз тартады. Ал іші қандай екенін көрейік…

Мұнда кірсең, қайтадан мектепте оқығың келеді. Керектің бәрі бар. Фэйс-айди жүйесі, электронды кесте, автоматтандырылған кітапхана. Соңғы үлгідегі бағдарламалау зертханасы, робототехника кабинеті.

Зере Кене, оқушы:

Мен Қарағанды облысындағы нөмірі №2 мектепте оқыдым. Сол жерден Астанаға көшіп, осы гимназияда оқып жатырмын.

2400 орындық білім ордасы мектеп жетіспеушілігі мәселесін де біршама азайтқан.

Сәуле Теменова, №96 мектеп-гимназия директоры:

3-ауысымда оқып жатқан нөмірі 84 пен 85-ші мектептің оқушыларын қабылдадық.

Мектептің бір бағыты – инклюзивті білім. Бүгінде мұнда 30 ерекше бала бар.

Назым Әбілқасымова, инклюзивті білім беру бойынша координатор:

Емдік дене шынықтыру кабинеті құрылыс компаниясымен жабдықталған. Ал мынау психология кабинеті мен қолдау қызметін мектептің өзі ақырындап жабдықтап жатыр.

Қабырғалары да әдемі безендірілген. Үзілісте балалар дәлізде шахмат ойнап, шығармалар оқиды.

Альбина Қалмахан, оқушы:

Спорт залы да өте ерекше. Мектеп өте ерекше салынған. Каратэ, қазақ күрестері қарастырылған. Өте көп спорт түрі бар, апайлары да өте мейірімді.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Мектеп қауіпсіздік талаптарына да толықтай сай деуге болады. Мысалы, Астанада былтыр осындай баспалдақтан оқушы құлап кеткен болатын. Ал бұл мектепте баспалдақтардың барлығы жан-жағынан қоршалған. Бірақ сол қоршауға мына ракурстан қарасаңыз, темір торды еске түсіреді. Осындай жақсы, жайлы мектептер салыну үшін қанша адам темір тордың артында отыр екен деп те ойлайсың.

Жемқорлардан қайтарылған қаржыға мектептер салу үшін арнайы қор құрылған. Содан бері 150 млрд теңге жинақталыпты.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close