Жұмыс сапары аясында Алакөлге Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов барды. Делегация құрамында орталық мемлекеттік органдардың, үкімет аппаратының, салалық ведомстволардың өкілдері және Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев болды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Сапар барысында демалушылардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Жетісу облысы полиция департаменті туристер көп келетін кезеңде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге толық дайын екенін жеткізді. Алакөл жағалауында тәулік бойы шамамен полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қадағалайды, ал бақылауды тиімді ету үшін 40-қа жуық дрон қолданылуда. Сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігі күшейтіліп, жол ережелерін бұзуға нөлдік төзімділік қағидаты сақталады.
Жетісу облысы полиция департаментінің бастығының орынбасары Әбдіғани Сейдуалиевтің айтуынша, басты мақсат – туристер мен жергілікті тұрғындар үшін қауіпсіз жағдай жасау. «Алакөлдегі демалыс әрбір адам үшін жайлы әрі қауіпсіз болуы тиіс. Азаматтармен ашық диалог орнатып, тек тәртіпті сақтаумен шектелмей, қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстарын да жүргіземіз», – деді ол.
Толығырақ ақпаратты Polisia.kz сайтынан оқуға болады.



