Жаңалықтар

Жолдарымыз сапасыз емес, күтім көрмеген – Дархан Иманашев

«Қазақстандағы жолдардың 90 пайызға жуығы сыртқы қарыз есебінен салынып жатыр. Себебі, бюджет есебінен жол салуға қаражат қарастырылмаған. Ал сыртқы қарыздарды қайтарудың бірнеше жолы бар. Біріншісі – концессия арқылы, яғни ақылы жолдардан түскен қаражат есебінен өтеу. Екіншісі – бюджеттен жеңілдетілген несие беру арқылы қайтару. Үшіншісі – республикалық бюджет есебінен. Қарызды «ҚазАвтоЖол» өзі тікелей немесе Көлік министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитеті арқылы қайтарады. Қазіргі уақытта елімізде республикалық маңызы бар 25 мың шақырым жол бар. Соның бәріне «ҚазАвтоЖол» жауапты. Бүгінде аталған жолдардың 3 100 шақырымында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Оның 2 мыңға жуық шақырымын биыл пайдалануға беруіміз қажет», — деді Дархан Иманашев.

Оның атап өтуінше, салынған жол пайдалануға берілер алдында 5 сатылы, яғни жолды көтеру, қиыршық тас, асфальтты бетон төсеу сынды жұмыстар аяқталғаннан кейін техникалық және авторлық қадағалау мамандары, компания өкілдері тексеруден өткізеді. Мұнан бөлек, Көлік министрлігіне қарасты «Сапа» орталығы «ҚазАвтоЖол» қабылдап алған жол учаскелерін қосымша тексеріп шығады. Жолға қажетті материалдардың міндетті түрде сертификаты болуы тиіс.

Сонымен қатар олар құрылысқа пайдаланылар алдында зертханалық тексеруден өткізіледі.
Жол саласындағы мәселелер

Компания басшысының сөзіне қарағанда, еліміздің жол саласында бірнеше мәселе бар. Оның ішінде 2017, 2019 жылдары басталғанымен әлі күнге аяқталмаған бірнеше жобаны айтуға болады. Бұл жолдардың құрылысы ұзақ уақытқа созылып кеткен. Бірақ, құрылыс жұмыстарының созылуының өзіндік себептері бар екендігі де рас.

«Мәселен, қаражат мәселесі туындайды. Оны шешсең битум мәселесі алдан шығады. Өздеріңіз де білесіздер. Елімізде битум тапшы. Маусымдық кезеңде битумға сұраныс 2-3 есеге артады. Қазақстанда битум шығаратын бірнеше зауыт бар. Айталық, биылға 1 млн 200 мың тонна қажет. Ал зауыттар 500 мың тонна ғана шығарады. Осы мәселеге орай зауыттармен кездестік. Олар өнім шығару көлемін 1 млн тоннаға дейін артта алатындықтарын айтады. Бірақ, өнім – маусымдық. Қыста оған қажеттілік жоқ. Сондықтан зауыттар қыста мазут шығарады. Себебі, қыста ешқандай елде жол салынбайды. Қыста жазға дайындық жүргізіледі. Яғни, қиыршық тас дайындайды, техникаларын жөндейді, жол құрылысына қажетті зауыттарды бір жерден екінші жерге көшіреді. Мердігер компаниялар өздеріне тиесілі учаскенің қыста қарын тазалайды. Өйткені, олар жол салу барысында сол учаскеге 100 пайыз жауапты», — деді ол.

Жолдардың 70 пайызын шетелдіктер салып жатыр, отандық компаниялар талапқа сай емес

Дархан Иманашевтің атап өтуінше, елімізде республикалық маңызы бар жолдардың 70 пайызын шетелдік компаниялар салып жатыр. Оның көпшілігі – қытайлық компаниялар. Осыған орай таяудағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жол саласына отандық компанияларды көптеп тарту туралы тапсырма берген болатын. Алайда, еліміздегі жолдардың басым бөлігі сыртқы қарыз есебінен салынып жатқандықтан шетелдік банктер тарапынан жоғары талаптар бар. Ал отандық компаниялар ол талаптарға сәйкес келмейді.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close