Жаңалықтар
«Жылына 4 млн тоннадан астам тұрмыстық қалдық»: Қазақстан қоқысқа толып барады
Еліміз тұрмыстық қалдықтар мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Ресми деректерге сәйкес, былтыр Қазақстанда қоқыстың 24 пайызы ғана өңделген. Ұлан-ғайыр жері бар еліміз үшін бұл ауыз толтырып айтар көрсеткіш емес екені түсінікті. Қоқысты сұрыптау, қайта өңдеу, кәдеге жарату да ақсап тұр. Мәселе шешілмесе, оның экологиялық салдары бар.
Республикада қоқыс өңдеумен айналысатын 38 кәсіпорын бар. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің inbusiness.kz ресми сауалына берген жауабына сәйкес, жыл сайын елімізде 4 млн тоннадан аса коммуналдық қалдық жиналады. Былтыр бұл көрсеткіш 4,32 млн тоннаны құрады, оның 996 мың тоннасы, яғни 24%-ы қайта өңделді.
Өткен жылдарда тұрмыстық қалдықтардың қайта өңделген үлесі: 2022 жылы – 25%, 2021 жылы – 21%. Орта есеппен жылына әр тұрғын шамамен 210-215 кг тұрмыстық қалдық тастайды.
«Министрлік қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерін тіркеуді жүргізіп жатыр, бүгінде 1200-ден астам кәсіпкерлік тіркелген. Коммуналдық қалдықтар елдің кейбір аймақтарында қоқыс өңдеу кешендерінде сұрыпталады және өңделеді. Мысалы, Астанада – коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу зауыты ТОО «Astana Recycling Plant»; Алматыда – «Qazaq Recycling» ЖШС; Шымкентте – «ЭКО Шина» ЖШС, «Baikra» ЖШС, «Бумпром» ЖШС, «МПЗ Green Line» ЖШС, «Eco recycle» ЖШС, «Green Strap» ЖШС, «Ас-Пик» ЖШС және «Еврокристалл» ЖШС; Атырау облысында – «EcoGreen Service» ЖШС және т.б», – делінген ведомствоның ресми жауабында.
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу қажеттігін айтты. Ведомстводан Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын орындау бойынша қандай жұмыстар басталғанын сұрадық.
«Жергілікті атқарушы органдар экологиялық заңнама шеңберінде қолда бар құзыретті ескере отырып, бөлек жинауға арналған контейнерлерді орнату, қайталама шикізат пункттерін құру, экологиялық төлемдерді бөлу, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарын жасасу немесе жеке инвестицияларды тарту шеңберінде бөлек жинауға арналған қоқыс таситын көліктерді сатып алу жөніндегі жұмысты күшейтуі қажет. Әкімдіктер коммуналдық қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау, қалпына келтіру және көму, атап айтқанда жер учаскелерін беру, инфрақұрылымды жүргізу бойынша инфрақұрылымды дамытуға толық құзыретке ие.
Министрлік әкімдіктермен және «Жасыл даму» АҚ-мен бірлесіп, Үкіметтің 7 және 9 ақпандағы кеңейтілген отырысында айтылған Мемлекет басшысы мен Премьер-Министрдің тапсырмасы шеңберінде қалдықтарды қайта өңдеу бойынша қайта өңдеу қуаттарын құру жұмыстарының жүргізіліп жатқанын атап өтеміз. Жоғарыда аталған тапсырмаларды орындау мақсатында министрлік биылғы 13 ақпаннан бастап облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерімен коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жұмыс кеңестерін өткізуде және кеңес қорытындысы бойынша әкімдіктер кәдеге жарату төлемдері есебінен қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша бизнеспен бірлескен жобалар пулын дайындады», – деп хабарлады министрлік.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, аталған пул жобалары наурыз айында Үкімет отырысында қаралатын болады.
Жалпы 2023 жылдың қорытындысы бойынша республикада 5534 рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері анықталып, 4716 нысан жойылды. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің басым бөлігі Ақмола 789 (92%) және Қарағанды 739 (92%) облыстарында байқалады.
20 млн тонна тұрмыстық қатты қалдық полигонда жиналған – эколог
Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Маликова 2013 жылы жасыл экономикаға көшу концепциясы қабылданғанын еске салды. Сөзінше, құжатқа сәйкес 2030 жылға қарай қалдықтарды өңдеу деңгейін 40 пайызға дейін жеткізу жоспары бар.
«Сол межеге жету мақсатында 2014 жылдан бастап елімізде өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі деген әлемдік тәжірибеге сүйеніп жасалған құралды енгізу басталды. 2016 жылы Экологиялық кодекске бөлек бір бөлім енгізіліп, өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі деген механизм іске қосылды. Сол арқылы Қазақстандағы қалдықтарды бөліп жинау және өңдеу деңгейін көбейтуге болады. Бірақ ол жүйе қазір дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ. Қаңтар оқиғасынан кейін жеке оператордан мемлекеттік операторға беруінің салдары екі жыл бойы ол ақшаның төленбей, көптеген қалдық жинаушының банкрот болып қалуына алып келді. Сондықтан осы жағдайлар болмау үшін әлемдік тәжірибеге сай етіп оны жүргізу керек. Орталықтандырылған қалдықтарды жинау жүйесінде, яғни күнделікті контейнер жүйесінде материалдық жағдайының жақсы болуын қамтамасыз ету керек. Қазіргі уақытта елімізде жеке компания әртүрлі компаниямен бірігіп фандоматтар орнатып жатыр, дегенмен бұл жүйе бізде заңдастырылмаған. Яғни Экологиялық кодексте ондай жүйе жоқ. 2019 жылы біз ұсынған кезде Экология министрлігінің өкілдері бұл жүйеден бас тартқан», – деді эколог.
Лаура Маликова мәселенің шешімі ретінде экоқолдау жобасының қайтадан іске қосылуын қамтамасыз етуді ұсынып отыр.
Қоғам контейнерлерден қоқысты уақытылы шығармайтын билікті, ал билік адамдарда қоқыс төгу, сұрыптау мәдениеті жоқ деп айыптап жатады. Кімдікі дұрыс?
«Экологиялық мәдениет – мемлекет, үкімет, жергілікті әкімдіктер тарапынан үздіксіз жүргізілетін ақпараттық, ағарту, қаржылық тұрғыдан жұмыстардың нәтижесі. Экологиялық мәдениет өзінен-өзі пайда болмайды. Сондықтан экоқолдау жобасының тоқтап қалғаны, қалдық жинаушылардың төлемі екі жыл бойы төленбей қалуының осыған бәрі кері әсерін тигізді деуге болады. 2020-2021 жылдары экоқолдау жобасын іске қосқан кезде қалдық жинаушылардың өзі қалдықтарды сұрыптайық деп агитация жасап, халықты барынша ынталандыруға тырысты», – деп жалғастырды сарапшы.
Экологтан Қазақстан келешекте қоқыс еліне айналып, экологиялық апат болуы мүмкін бе деп сұрадық. Сөзінше, қазіргі таңда елде 20 млн тонна тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарда жиналған.
«Оған жыл сайын түзілетін 5 млн тонна қалдықтар қосылып жатыр. Ресми ақпарат бойынша ол полигондардың 80 пайызға жуығы санитариялық талаптарға сай емес, ал де-факто Астана полигоны ғана осындай талаптарға сәйкес келді. Мұнда үлкен бір қауіп-қатер бар. Жерасты суларының ластану қауіп-қатері. Кешкі уақытта полигондарда қалдықтарды жағу мәселесі де бар. Сондықтан осыны шешу мақсатында қалдықтарды жағу технологиясын енгізу көзделген, онсыз болмайды. Себебі тамақпен ластанған, майдан, сүттен шыққан қаптама өңдеуге жатпайды. Оны жағуға тура келеді. Осындай технологияларды енгізу арқылы да біздегі өңдеу деңгейін, утилизация деңгейін арттыру керек. Шешімдері әлемдік тәжірибеде бар. Бірақ оны заңнамалық, әкімшілік, қаржылық тұрғыдан ұйымдастырып, дұрыс жүзеге асыру керек», – деді Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Маликова.