
Қайырымдылық қаражатын жымқырғаны үшін сотталған Перизат Қайрат жазасын өтеу барысында еңбекке тартылды.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, сотталушы қазіргі уақытта колонияда ресми түрде жұмыс істейді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ол мекемедегі қызметтік үй-жайларды тазалау жұмыстарын атқаруға орналастырылған.
Қылмыстық атқару жүйесі комитеті оның жұмысқа орналасқанын растады.
«Сот үкіміне сәйкес, ол жазасын өтеу орнында еңбекке тартылып, белгіленген қызметтерді орындап жатыр», – делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ, сотталушыға тиесілі болған құны 79 млн теңге тұратын Mercedes автокөлігі бастапқыда аукционға шығарылғанымен, кейін мемлекеттік органның балансына берілген. Қай мекеменің қарамағына өткені нақтыланбады.
Еске салайық, тасқын кезінде жиналған қайырымдылық қаражатын мақсатсыз пайдаланғаны үшін Перизат Қайрат 10 жылға, ал оның анасы 7 жылға бас бостандығынан айырылған.



