Синоптиктер 2026 жылғы 4 сәуірде Қазақстанның бірнеше қаласында ауа сапасы нашарлауы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Qandastar.kz.
«Қазгидромет» деректеріне сәйкес, Павлодар, Өскемен, Семей, Риддер, Атырау, Ақтөбе және Алматы қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Мұндай жағдайлар желдің болмауы немесе әлсіз соғуы, тұман мен ауа қабаттарының инверсиясы салдарынан пайда болып, зиянды заттардың атмосфераның төменгі бөлігінде жиналуына әкеледі.
Осы кезеңде мамандар тұрғындарға, әсіресе автокөлік жолдары мен өндіріс орындарының маңында ұзақ уақыт болмауға кеңес береді. Ал созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдарға далаға шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру ұсынылады.
Айта кетейік, бұған дейін «Қазгидромет» 4–6 сәуір аралығына арналған ауа райы болжамын жариялаған еді.

