
Фото: ашық дереккөз
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов «Қасқа жол» бағдарламасында елімізде жасанды интеллектке (ЖИ) қатысты алғаш рет арнайы заң қабылданғанын хабарлады. Бұл құжат цифрлық технологиялардың дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы ретінде бағалануда, деп жазды qandastar.kz
«Жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылданды. Осы заңды дайындаған депутаттардың бірі ретінде айтарым: бұл – технологиялар мен еліміз үшін жаңа кезеңнің басталуы. Ол қазірдің өзінде медицинаны, білім беруді, еңбек нарығын, мәдениетті, тіпті күнделікті өмірімізді өзгертуде», – деді депутат.
Аймағамбетовтің айтуынша, бұған дейін ЖИ-ны қолдану саласында нақты құқықтық негіз болмаған. Жаңа заңда алғаш рет «жасанды интеллект», «ЖИ жүйесі», «ұлттық платформа» сынды ұғымдар заңнамалық деңгейде бекітілді. Сонымен қатар адам құқықтарының басымдығы, заңдылық, ашықтық және дербес деректерді қорғау секілді негізгі қағидаттар да қамтылған.
«ЖИ жүйелерінің тәуекел деңгейлері мен қолдану тәртібі де назарда болады. Ең маңыздысы – осы салада құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет заңмен белгіленді», – деді ол.
Алдағы уақытта білім беру, ғылым, мәдениет, ақпарат және медицина салаларына қатысты заңдарға өзгерістер енгізілмек.
Бұл заң Қазақстанда жасанды интеллектті этикалық әрі қауіпсіз қолдануды қамтамасыз етуге бағытталған алғашқы қадам болып отыр.