Жаңалықтар

Алматы әкімі кімдердің мемлекеттік тапсырыстан шеттетілетінін айтты

Фото: Түркістан әкімдігі

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында Әуезов ауданындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын бақылады, деп жазды qandastar.kz

Атап айтқанда, №2 Алматы мемлекеттік педагогикалық колледжінің қосалқы ғимараты уақытылы тапсырылмаған.

Жобаны жүзеге асырып жатқан «Golden City DS» ЖШС келісімшартта көрсетілген мерзімге үлгермей, әкімдік тарапынан Құрылыс басқармасы сотқа талап арыз берді. Онда компанияны жобадан шығару және айыппұл салу мәселесі қарастырылып жатыр.

Жоба аясында колледждің негізгі ғимаратымен галерея арқылы жалғанатын оқу корпусы, мультимедиялық сыныптар, зертханалар, акт және спорт залы, асхана қарастырылған. Сонымен қатар жаңа футбол, волейбол және баскетбол алаңдары бар заманауи стадион салынуда.

 «Нысанды аяқтамайынша, жаңа тендерге қатысу болмайды»

Әкім мердігер компанияның міндетіне немқұрайлы қарауын сынға алып, егер құрылыс мерзімі мен сапасына қатысты заңбұзушылықтар анықталса, лицензиядан айыруға дейінгі шаралар қабылданатынын айтты:

«Компания бұл нысанды толық аяқтамайынша, жаңа тендерлерге қатыспайды. Апта сайын тексеріп отырамыз. Егер заңбұзушылық болса, лицензиясынан айыру керек», – деді қала басшысы.

«Алтын Бесік» шағынауданындағы балабақша құрылысы да кешіктірілген

Сапар барысында әкім «Алтын Бесік» шағынауданындағы 120 орындық балабақша құрылысымен де танысты. Жобаның кешігуіне сыртқы инженерлік желілер трассасын түзету қажеттілігі мен жобадағы өзгерістер себеп болған. Құрылыс биыл қарашада аяқталады деп жоспарлануда.

Жаңа балабақша пайдалануға дайын, бірақ құжаттар пысықталуда

Сонымен қатар, әкім №10 шағынаудандағы 160 орындық жаңа балабақшаны аралады. Ғимарат құрылысы аяқталғанымен, әзірге жұмысын бастамаған. Себебі қажетті құжаттар дайын емес.

Дархан Сатыбалды мектепке дейінгі мекемені сапалы жабдықтау және уақтылы іске қосу қажеттігін ескертіп, жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар берді.

 

Back to top button