
Фото: ашық дереккөз
Шымкент қаласының апелляциялық сот алқасы қала әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Берденов пен «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің экс-директоры Ернар Жиембайға қатысты атышулы қылмыстық іс бойынша апелляциялық шағымды қарауға дайындалып жатыр, деп жазды qandastar.kz.
Қалалық соттың баспасөз қызметі екі тараптың да сот үкіміне апелляциялық шағым түсіргенін растады. Апелляциялық сот отырысы 8 қазан күні сағат 12:00-де Шымкент қалалық сотының ғимаратында өтеді.
Еске сала кетейік, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігінің алдында Руслан Берденовке оқ атылып, ол ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген болатын. Бұл оқиға бойынша басты айыпталушы – қалалық құрылыс басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің бұрынғы басшысы Ернар Жиембай.
Сот отырысы барысында жәбірленуші Руслан Берденов онлайн режимде қатысқан. 18 тамызда мемлекеттік айыптаушы Ернар Жиембайды 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Алайда айыпталушының қорғаушысы бұл айыппен келіспей, Жиембайдың әрекеті «кісі өлтіруге оқталу» емес, «қасақана ауыр дене жарақатын келтіру» ретінде саралануы тиіс екенін алға тартқан.