Жаңалықтар

Қостанай облысында жасөспірім ірі көлемде есірткімен ұсталды

Фото: polisia.kz

Қостанай облысында «Қарасора – 2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 16 жастағы Теміртау тұрғыны қолға түсті. Ол Рудный қаласындағы қалалық жағажай маңында ұсталған, деп хабарлады qandastar.kz.

Күдіктіден 80-ге жуық ұнтақ тәрізді зат салынған орам тәркіленді. Бұдан бөлек, Қостанай қаласында жалға алынған пәтерге тінту жүргізу барысында электронды таразылар, жүздеген бос пакет және сатуға дайындалған тағы 200-ден астам есірткі орамы табылды. Тәркіленген заттың жалпы салмағы шамамен жарты келіні құрады. Сараптама олардың синтетикалық есірткі екенін көрсетті.

Алдын ала деректерге сәйкес, жасөспірім әлеуметтік желі арқылы қылмысқа тартылған. Мессенджерде оған «жоғары табыс әкелетін курьерлік жұмыс» ұсынылғанымен, шын мәнінде оның міндеті есірткіні сақтау және аймаққа жасырын жеткізу болған.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция есірткі бизнесінің ұйымдастырушылары мен сыбайластарын іздестіріп жатыр.

Құқық қорғау органдары ата-аналарды балалардың әлеуметтік желідегі белсенділігін қадағалап, бос уақытын бақылауда ұстауға шақырды. Жалпы алғанда, осы жылы Қостанай облысында 5,5 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді.

Back to top button