
Фото: ашық дереккөз
Қазақ әдебиеті мен баспасөзі тарихына қатысты маңызды жаңалық Омбыдан келді. Ақын Серікбол Хасан Ресейге жасаған сапары барысында сирек қолжазбалардың арасынан 1916-1918 жылдары Омбыда шыққан “Балапан” журналының бір санын тауып алғанын хабарлады, деп жазады qandastar.kz
Ақын бұл олжаны белгілі әдебиеттанушы, академик Дихан Қамзабекке сүйінші сұрап жеткізген. Ғалым бұл жаңалықты көпшілікке жария ету үшін “Егемен Қазақстан” газетіне мақала жазуға кеңес берген екен. Нәтижесінде газет аталмыш мәліметті бірінші бетке шығарды.
Серікбол Хасан журналдың табылуына қолдау білдірген азаматтарға алғысын білдірді. Оның айтуынша, нөмірді Қазақстанға жеткізуге Қайырбек Кемеңгер мен Асқар Раисов көмектессе, қазіргі әліпбиге түсіріп, мәтінді оқуға жеңілдеткен — Абай есімді азамат.
“Балапан” журналының бұл №9 саны Омбы мемлекеттік тарихи-өлкетану музейінің қорынан госкаталог арқылы табылған. Журнал авторлары өз жазбаларын “Садақ” журналындағыдай бүркеншік аттармен жариялаған. Бұл нөмірде Серкенің “Көк төбетке”, “Қонған жерімнен”, “Абылай” әңгімесі, Бабасанның “Ақылсыз сұлу”, Политиканттың “Мен де политик болайыншы” сияқты туындылары жарияланған.
Журналдың құрылымы да қызық: “Сөз басы” айдарында нөмірдегі жазбаларға шолу берілсе, “Басқармадан” бөлімінде жарияланбаған мақалалар туралы мәлімет ұсынылған.
Серікбол Хасан атап өткендей, “Балапан” — 1916-1918 жылдар аралығында Омбыда “Бірлік” ұйымының бастамасымен жарық көрген қолжазба журнал. Оның редакторы — көрнекті қаламгер Қошке Кемеңгерұлы. Осы күнге дейін журналдың ешбір нөмірі табылмаған еді.
Табылған бұл нөмір — қазақтың қолжазба журналдар тарихын зерттеуде аса құнды дерек. Бұл жаңалық — қазақ баспасөзінің бұрын беймәлім болып келген бір парағын қайта ашуға мүмкіндік бермек.