
Фото: ашық дереккөз
Digital Bridge 2025 форумында Тимур Турлов көпшіліктің күткен сұрағына жауап бермеді. Freedom Holding Corp компаниясының басшысы биыл қазақстандық БАҚ бірнеше мәрте жазған «Фридом Финанс» төңірегіндегі жанжалға қатысты ешқандай пікір білдірмейтінін кесіп айтқан, деп жазды qandastar.kz
— Мен түсініктеме бермеймін, — деді Турлов қысқа қайырып.
Еске салайық, дау осы жылдың сәуірінде басталған. Қазақстандықтар «Фридом Финанстың» еншілес компаниясы арқылы салған ақшаларынан айырылғанын айтып, дабыл қақты. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, 30-дан астам адамның шоттарынан 2,5 млрд теңгеге жуық қаражат жоғалған.
Қыркүйекте Астанада өткен баспасөз жиынында зейнеткер Қарлығаш Қаппарованың оқиғасы қоғамға жария болды. Ол «Фридом Финанс» арқылы 380 мың доллар салған. Ақшасын басқаруды сеніп тапсырған адам – компания қызметкері Темірлан Беков. Бірақ кейін бұл қаржы желге ұшқандай болған. Қылмыстық іс қозғалды, алайда тергеу мұны алаяқтық емес, сәтсіз инвестициялық келісім деп танып, істі жапты.
Компанияның бұрынғы атқарушы директоры Виталий Световойға қатысты тағы бір ауыр эпизод бар. Ішкі тексеру оның клиенттерді ақшаны компания емес, өз шотына аударуға итермелегенін анықтаған. Кейін Световой қызметінен босатылып, іс полицияға берілді. Қазір ол қамауда. Алайда бұл істің салдары өте қайғылы болды – Петропавл қаласындағы салымшылардың бірі бар ақшасынан айырылған соң, өз-өзіне қол жұмсаған. Қылмыстық іс Световойға қарсы басталғаннан үш күн өткен соң жабылған.
Сонымен қатар, соңғы уақытта «Фридом Банкі» клиенттері мәмілелердің Қазақстан қор биржасы (KASE) арқылы өтпегені туралы белгісіз хаттар ала бастаған. Ол хаттарда пайда «тәркіленіп», инвестициялар жойылады делінген. Алайда KASE бұл мәліметтерге қатысы жоқ екенін ресми түрде мәлімдеді.
Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, «Фридом Финансқа» 40-тан астам айыппұл салған.