Жаңалықтар

“Танымалдық отбасылық тыныштықты бұзды»: Прокурор Аймағанова жеке өміріндегі қиындықтармен бөлісті

Фото: ашық дереккөз

Қоғамда қызу талқыланған Қуандық Бишімбаев ісінен кейін ел назарына іліккен прокурор Айжан Аймағанова өзінің отбасылық өмірінде қандай қиындықтар болғанын алғаш рет ашық айтты. Журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында ол бұл кезеңнің оның отбасына қаншалықты ауыр соққанын бүкпесіз баяндады, деп жазды qandastar.kz.

«Мен үшін ең қиыны  отбасыма келген салмақ болды. Жолдасыммен арамыз суып кетті, жиі келіспей қалатын болдық. Бұл жағдай отбасылық қарым-қатынасымызға қатты әсер етті. Жақында ғана қайта түсінісіп, қарым-қатынасты қалпына келтіруге тырысып жатырмыз», – деді Аймағанова.

Ол танымал болу отбасындағы рөлін өзгерткенін, тіпті балалары да айналасындағы әңгіменің салдарын сезінгенін айтты. Көпшіліктің назарында жүру – сырт көзге тартымды көрінгенімен, ішкі жанұялық тыныштықты бұзған.

«Балаларыма да оңай болған жоқ. Мектепте, көшеде мен жайлы айтылған әңгімені естіп қалады. Олар үшін бұл – түсініксіз, ауыр процесс. Әр ана үшін баласының ішкі күйі – бірінші орында. Сол себепті мен үшін бұл сот процесінен де қиын кезең болды»,  – дейді ол.

Аймағанова бұрынғыдай қарапайым өмір сүруді, отбасы мен жұмысты бөле білуді қалайтынын айтты. Прокуратура қызметі – салмақты, жауапты іс, ал көпшіліктің алдында жүру оған бөтен.

“Мен танымал болуға ұмтылған адам емеспін. Қарапайым прокурор болып, отбасыма көңіл бөліп, тыныш өмір сүргім келді. Бірақ бұл іс бәрін өзгертті. Қазір сыртқа шықсам, адамдар таниды, суретке түседі. Ықыластарына ризамын, әрине. Дегенмен бұл танымалдық менің жеке кеңістігімді, отбасымды жұтып кете жаздады», – дейді ол.

Сұхбат барысында прокурор қазіргі таңда өзін қайта табуға, отбасын нығайтуға бағытталғанын жеткізді. Оның айтуынша, шынайы табыс – отбасы ішіндегі түсіністік пен сыйластық.

Back to top button