
Фото: Видео скрин
Шымкент қаласында босануға келген жас әйел перзентханадан тірі шықпады. 27 жастағы Зарина Сұлтан перинаталдық орталыққа өз аяғымен барып, ұл баланы аман-есен босанған. Алайда босанғаннан кейін қызуы көтеріліп, жағдайы күрт нашарлаған. Бұл туралы qandastar.kz хабарлады.
Марқұмның анасы Нышангүл Тулеева дәрігерлердің немқұрайлығынан қызының өмірі қиылды деп отыр. Оның айтуынша, алғашқы медициналық көмек дер кезінде көрсетілмеген.
«Бірінші көмек көрсетілмеген. Адреналин салынуы керек еді. Олар «сепсис» деді, кейін жатырда вирус бар деп түсіндірді. Қан көп жоғалтқан соң, 18 литрге жуық қан құйылған. Бірақ қызымның жағдайы жақсармады», – дейді анасы.
“Информбюро” бағдарламасында айтылғандай, Зарина Сұлтан 33 күн жансақтау бөлімінде жатқаннан кейін көз жұмған. Артында үш айлық сәбиі мен екі жасар баласы қалды. Отбасы бұл жағдайға медициналық мекемені кінәлап, кінәлілердің жазалануын талап етуде.
«Дәрігерлердің салғырттығынан қызық жағдайлар жиі қайталанып жүр. Тергеу әділ өтсе дейміз», – деді марқұмның анасы.
Шымкент қалалық перинаталдық орталығының бас дәрігерінің орынбасары Ақмарал Махашеваның айтуынша, дәрігерлер науқастың өмірін сақтау үшін барлық мүмкін шараны қолданған.
«Біздің дәрігерлер клиникалық хаттамаларға сай әрекет етті. Қазір қызметтік тексеріс жүріп жатыр, нақты себеп сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болады», – деді ол.
Қазіргі таңда бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай, қайтыс болған Зарина Сұлтанның өзі де медицина саласының маманы болған. Ол Алматыдағы медициналық университетті жалпы медицина мамандығы бойынша тәмамдаған.