Жаңалықтар

«Қазақтың Робин Гуды»: Сотта жаңа деректер айтылды

Фото: Ақбота Сіләм

Алматыда атышулы «Елге көмек» қорының басшысы, жұрт арасында «қазақтың Робин Гуды» атанған Ілияс Сариевке қатысты сот тыңдалымы жалғасуда. Тергеу мәліметінше, ол серіктесі Ақтоты Дүйсеевамен бірге бірнеше рет алаяқтық әрекеттер жасаған деген күдікке ілінген, деп хабарлады qandastar.kz.

Қылмыстық істің материалдары бойынша, алғашқы эпизодта Сариев әлеуметтік желілер арқылы қайырымдылық науқанын өткізіп, науқастарға көмек көрсетуге уәде берген. Алайда жиналған қаржы діттеген мақсатқа жұмсалмаған.

Екінші дерек қажылық сапарын ұйымдастырумен айналысқан MM Travel компаниясына байланысты. 9 қазанда өткен сот отырысында серіктесі Ақтоты Дүйсеева Ілияс Сариевтің қажылыққа барушылардан түскен ақшаны құмар ойындарға жұмсағанын айтып, оны ашық айыптады.

Оның сөзінше, компания 2023 жылы құрылған және екі жыл ішінде екі мыңнан астам адамды қажылыққа аттандырған. Бірақ бір сәтте кассада ірі жетіспеушілік байқалған, соның салдарынан шамамен жиырмадан астам адамның қаражаты қайтарылмай қалған.

«Ілияс кассадан көп мөлшерде ақша алды да, қайта салмады. Бір аптада орнына қоямын деді, бірақ уәде орындалмады. Ақырында кей азаматтар қасиетті сапарға бара алмай қалды», – деді Дүйсеева сотта.

Сондай-ақ ол Сариевтің бұрыннан құмар ойындарға тәуелді болғанын және компания қаржысын жеке шығындарына пайдаланғанын жеткізді.

Ілияс Сариев пен оның серіктесіне ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі, 4-тармағы («Бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша айып тағылған. Аталған бап бойынша кінәсі дәлелденсе, оларға үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Сот процесі жалғасып жатыр.

Back to top button