Жамбыл облысында ерекше жағдай тіркелді: жұмысқа орналаса алмаған мұғалім мектеп директорының кабинетінің алдына тұз сеуіп, «жолы ашылады» деп сенген. Бұл оқиға бойынша Жуалы аудандық соты әкімшілік іс қарады, деп хабарлады qandastar.kz.
Сот мәліметінше, әйел мектепке жұмысқа тұруға бірнеше рет әрекет жасағанымен, нәтиже болмаған. Сол себепті ол ғимараттың дәлізі мен директордың есігінің алдына тұз шашып кеткен.
«Айыпталушы өз әрекетін мойындап, өкінетінін және мұндай жағдай қайталанбайтынын айтты», – делінген сот хабарламасында.
Мұғалімге қатысты «қоғамдық орынды ластау» бабы бойынша іс қозғалды. Бұл бапқа сәйкес, адам 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылуы немесе 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін.
Сот әйелдің жағдайын ескеріп, айыппұлды 30%-ға азайтып, 27 мың теңге көлемінде әкімшілік жаза тағайындады. Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.