Жаңалықтар

«Құтқарыңдаршы»: Қытайда ұсталған қазақстандық жігіт көмек сұрады

Қытайда Қазақстан азаматы ұсталып, туған-туыстарынан көмек сұраған. 29 жастағы Бүркіт Аман есімді азамат 9 қазан күні Алматыдан Чжэньчжоу қаласына ұшып кеткен. Ол жақта достарымен бірге автосалон ашуды жоспарлаған. Алайда екі күннен кейін онымен байланыс үзілген, деп жазады qandastar.kz.

Бүркіттің әпкесі Ажардың айтуынша, бауыры кеше анасына хабарласып үлгерген.

«Телефон шалып, “Мама, мені құтқарыңдаршы, мені жаламен ұстады” деді де, байланыс бірден үзілді», – дейді ол.

Туыстарының сөзінше, жергілікті адвокаттар Бүркітті босату үшін 7 миллион теңге талап еткен, ал анасы қорыққанынан 1 миллион теңге аударған. Қазір отбасы мүшелері Қытайға баруға дайындалып жатыр.

«Бүркітті екі күн бұрын ұстаған, бірақ достары айтпаған. Тек кеше ғана төбелес болып, соның салдарынан қылмыстық іс қозғалғанын естідік», – дейді әпкесі.

Жігіттің жақындары Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне өтініш түсірген. Ведомство әзірге істі зерттеу жүріп жатқанын және Қытай билігінен ресми ақпарат күтіп отырғанын хабарлады.

Back to top button