Алматы қаласында №117 мектептің оқушылары флешмоб түсірілімі кезінде салқын ауа райында сырт киімсіз ұзақ уақыт тұруға мәжбүр болған. Бұл туралы видео мен шағым әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлады qandastar.kz.
Ата-аналардың айтуынша, түсірілім түстен кейін басталуы тиіс болғанымен, ұйымдастырушылар мен операторлар дер кезінде келмей, балаларды шамамен 50 минуттай далада күткен. Осы уақытта ауа температурасы +14°C шамасында болған.
«Балалар ақ жейдемен суықта дірілдеп тұрды, ал мұғалімдердің өздері тон мен күртеше киіп алған. Бұл — балаға жасалған қысым, құр флешмоб үшін баланы тоңдыру дұрыс емес», – деп жазды бір ата-ана әлеуметтік желіде.
Басқа ата-аналар да мектеп әкімшілігінің әрекетіне наразы болды.
«Бүгінде мектептер әлеуметтік желідегі парақшаларына әуестеніп кеткен. Күн суықта видео түсірудің не қажеті бар?»,
«Терезеден қарап тұрдым — балалар жел өтінде қалтырап тұр. Ұйымдастырушылар «тағы аз ғана шыдаңдар» деп бірнеше рет айтты», – дейді тағы бірі.
Желіде қызу талқыдан кейін мектеп әкімшілігі жағдайға қатысты түсініктеме берді.
«Флешмоб Республика күніне орай өткізілді. Іс-шараның ұзақтығы 15 минуттан аспады. Ол кезде ауа температурасы +16°C шамасында болған, санитарлық талаптар бұзылған жоқ. Алдағы уақытта мұндай іс-шараларды ұйымдастыру кезінде ата-аналардың пікірін ескереміз», – деп мәлімдеді №117 мектеп өкілдері.
Дегенмен, кейбір ата-аналар түсініктемеге күмәнмен қарап, мектептерде әлеуметтік контент үшін балаларды қатыстыруға шектеу қою қажеттігін айтып отыр.