Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің мәлімдеуінше, «СК-Фармация» компаниясына қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс ашылып, тергеу жұмыстары жүріп жатыр, деп жазды qandastar.kz
— Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, басқа мәліметтерді жариялай алмаймын, — деді Елемесов Сенаттағы брифинг барысында.
Естеріңізге салайық, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек осы компания мемлекетке 35,8 миллиард теңге залал келтірді деп мәлімдеген болатын. Оның сөзінше, «СК-Фармация» дәрі-дәрмектерді нарықтық бағадан 365%-ға дейін қымбат сатып алып, қажетсіз препараттарды алған және дәрілерді тиісті деңгейде таратпаған.
Осы дерек бойынша депутаттар Бақытжан Базарбек пен Мұрат Әбенов Бас прокуратураға шағым түсіріп, тергеу басталған еді. Сонымен қатар, жаздың басында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов еліміздегі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін сынға алып, аудит нәтижелері бірнеше кезеңде кемшіліктер бар екенін атап өткен.



