Жаңалықтар

Түркістанда сапасыз үй қирап қалудың алдында тұр: әкімдік түсініктеме берді

Түркістан қаласында мемлекеттік бағдарлама аясында салынған көпқабатты тұрғын үйдің қабырғалары жарылып, кей жерлерінде тесік пайда болған. Тұрғындардың айтуынша, жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізіліп, кафельдері түсіп, қабырғалар үгітіліп жатыр. Кей пәтерлерде жарықшалардан сыртты көруге болатыны да айтылуда, деп жазады qandastar.kz.

Ашынған тұрғындар биліктен көмек сұрап отыр. «Қабырғаның арасынан қала көрінеді. Балаларымыздың өміріне қауіп төнуі мүмкін. Бізге “қол сыйғанымен бас сыймаса, апатты үй емес” деп түсіндіреді. Бұл қалай?» – дейді олар.

Оқиға Түркістан қаласындағы Отырар шағын ауданында орналасқан №32 үйде болған. Бұл нысан 2019 жылы қала әкімдігінің тапсырысымен «Құрылыс–сервис–СК» ЖШС компаниясы арқылы салынған.

Қала әкімдігі үйге бірнеше рет техникалық тексеру жүргізілгенін хабарлады. 2021 жылы жертөледегі су кету салдарынан ғимараттың іргетасы нығайтылып, бетон тіреулер құйылған. 2023 жылы тұрғындардың шағымынан кейін тағы да ағымдағы жөндеу жүргізілген.

2025 жылы кезекті тексеру нәтижесінде үй «апаттық жағдайда емес» деген қорытынды алған. Әкімдік мәліметінше, іргетастың айналасына 33 бетон тіреуіш құйылып, 16 пәтерде кафель, ішкі әрлеу және сырлау жұмыстары жасалған.

«Қазіргі таңда әкімдік тарапынан тұрғындардың пәтерлерін жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр», – деп хабарлады Түркістан қаласының әкімдігі.

Back to top button