Жаңалықтар

Маңғыстаудағы ең бойшаң сарбаз көптің қызығушылығын тудырды

Маңғыстау өңірінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген 20 жастағы Әлішер Назымбек елдің назарын өз бойымен аударды, деп хабарлады qandastar.kz. Оның бойы – 2 метр 9 сантиметр.

Ақмола облысының тумасы Әлішер кәсіби-техникалық колледжді «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша тәмамдап, әскерге өз еркімен келген. Айтуынша, бала кезінен бойшаң болғандықтан, мектеп партасына отырудың өзі қиынға соққан.

«Есіктен еңкейіп өтемін, киім табу оңай емес. Көбінесе тіктіріп киемін. Колледжде жүргенде кикбоксинг және волейболмен айналыстым», – дейді сарбаз.

Әлішер – отбасындағы алты баланың үлкені, бауырларының да бойы ұзын. Оның аяқ киім өлшемі – 49 размер. Сол себепті әскери бөлім басшылығы оған киім мен төсек-орынды арнайы тапсырыспен дайындаған.

«Стандарт кереует ұзындығы – 190 см. Әлішерге жайлы болу үшін 30 сантиметрге ұзартып, қайта жасадық», – дейді рота старшинасы Алпысбай Мұстафин.

Ақтау гарнизонының баспасөз қызметі өкілдері теңіз жаяу әскері қатарына іріктеу талаптарының жоғары екенін атап өтті. Бұған дейін мұнда бойы 2,3–2,4 метрге дейін жететін сарбаздар да болған.

Қазір теңіз жаяу әскері бригадасында 600-ге жуық жас «Жас сарбаз» курсын оқып жүр. 15 қарашада олардың барлығы ант қабылдау рәсіміне қатыспақ.

Бойшаң сарбаз болашақта офицер атанып, әскери қызметті жалғастыруды армандайды.

Back to top button