Жаңалықтар

Мәскеу Қазақстан мен Арменияны тұрақсыздандыру жоспарын іске асыруы мүмкін

АҚШ-тағы беделді Washington Post басылымы Ресейдің Орта Азия мен Кавказ аймағындағы ықпалын сақтап қалуға тырысып жатқанын хабарлады, деп жазады qandastar.kz. Басылымның дерегінше, Мәскеу Украинадағы соғыс барысында әлсіреген соң, көрші елдерге қатысты астыртын әрекеттерге көшпек.
Материалда Ресей билігі Қазақстан мен Арменияда дезинформация мен ішкі іріткі туғызуға бағытталған тетіктерді сынап көруі мүмкін екені жазылған. Бұл тәсіл бұған дейін Шығыс Еуропада қолданылған.
«Кремль барлау қызметі мен ақпараттық шабуылдар арқылы көрші елдердің саяси тұрақтылығына әсер етуді көздейді. Әсіресе Қазақстан мен Армения соңғы жылдары Мәскеуден алшақтай бастаған», — деп жазады Washington Post.
Ertenmedia жазғандай, басылым премьер-министр Михаил Мишустиннің 2024 жылы Кремльге тапсырған құпия баяндамасына сүйеніп, Ресейдің Қапқаз бен Орта Азиядағы ықпалының төмендегенін айтады.
Сонымен қатар, мақалада Қазақстанның стратегиялық маңызы ерекше атап өтілген:
•елдің сирек метал қоры әлем бойынша үшінші орында;
•Қазақстан — Қытай мен Еуропаны байланыстыратын Орта дәліздің негізгі бөлігі;
•бұл дәліз Ресей мен Иранды айналып өтеді.
Washington Post сарапшыларының пікірінше, Ресейдің соңғы уақытта Қазақстандағы «орыстілділердің құқығы бұзылып жатыр» деген ақпараттарды күшейтуі — Украинадағы сценарийдің қайталануы мүмкін екенін аңғартады.
Авторлар АҚШ пен Батыстың экономикалық және технологиялық әріптестігі Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтып, солтүстіктегі тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді деп есептейді.
Мақала АҚШ ӘТК-нің экс-вице-министрі Сет Кропси және Turan зерттеу орталығының директоры Жөзеф Епштейн тарапынан дайындалған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button