Ақтауда пневматикалық қарудан жараланған 8 жасар балаға қатысты қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz.
Қалалық полиция оқ атқан адамның әлі анықталмағанын мәлімдеді.
Маңғыстау облыстық ІІД-нің хабарлауынша, оқиғаға байланысты ҚР ҚК 257-бабының 3-бөлігі (қару қолдана отырып жасалған бұзақылық) бойынша іс қозғалған. Көпқабатты үйлердің барлық тұрғындары сұралғанымен, күдікті де, куәгерлер де табылмаған. Оқтың нақты қай тұстан атылғанын анықтау үшін баллистикалық сараптама жүргізіліп жатыр.
Оқиға 12 мамырда болған. Белгісіз адам пневматикалық қарудан атқан оқ сегіз жасар баланың өкпесіне тиген. Жараланған баланы 22-шағынаудандағы 6-үйдің маңынан өтіп бара жатқан тұрғындар байқап, жедел жәрдем шақырған. Бала облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізіліп, хирургтар оның өкпесінен оқты алып шықты. Жағдайы тұрақталды деп хабарланды.



