ЖаңалықтарСаясат

«Шымкент мафиясы» кітабында аты аталған депутат журналистке ашуланды

Үкімет кулуарында Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиев журналистің сұрағына ашуланды. Бұл туралы  Qandastar.kz ақпарат порталы ZTB Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Журналист депутаттан не себепті кәсіпкерлер парламентке келіп, халық қалаулысы болуға ұмтылады деген сұрақ қойды. Бұған жауап ретінде Болатбек Әлиев: «Кімді айтып тұрсыз?» деп нақтылады. Журналист «Көпшілігін. Сіз де солардың бірісіз» деп жауап бергеннен кейін депутат ашуланып, дауыс көтеріп, пікірталасқа түсті.

Айта кетейік, 2023 жылы «Қазақстан 2.0» Telegram-арнасы Болатбек Әлиевтің (Нәжметдинұлы) өткеніне қатысты деректер жариялаған болатын. Онда депутаттың 2000 жылдардың басында Сарыағаш аудандық сотының үкімімен қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және өзге де заң бұзушылықтар үшін үш жылға сотталғаны жазылған.

Алайда депутат бұл ақпаратты жала деп атап, сотқа жүгінген. Дегенмен сот процесті қарау барысында жарияланған материалдардан заң бұзушылық таппай, талап арызды қанағаттандырмады.

Сонымен қатар Болатбек Әлиевтің ресми өмірбаянында 2000–2001 жылдар аралығындағы қызметі туралы мәлімет жоқ. Сарапшылардың айтуынша, соттылық туралы деректер прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің базаларынан кейінірек жоғалып кеткен. Бұл жағдай сол кезеңде қоғам тарапынан сұрақтар туындатқан.

Депутаттың аты Теміртас Тілеулесовтің «Шымкент мафиясы» атты кітабында да аталады. Аталған еңбекте 2000 жылдардың басындағы оңтүстік өңір элиталары арасындағы сыбайлас жемқорлық пен қылмыстық схемалар сөз болады.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button