Павлодар қаласында азаматтық некеде тұрған ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал ауыр қылмысқа ұласты. Оқиға салдарынан 49 жастағы әйел сот алдында жауап берді. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі Qazpress.kz парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Іс Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды. Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қараша айында жұп пәтерде еден құю жұмыстарын жүргізген. Алайда ер адам әйелінің жұмысына көңілі толмай, оны арқасынан ұрып жіберген. Бірнеше минуттан кейін әйел ер адамды пышақтап жарақаттаған.
Сотта жәбірленуші азамат 10 жылға жуық уақыт бойы әйелмен бірге тұрғанын, алайда ресми некеге тұрмағанын айтты. Оның сөзінше, 2025 жылғы 28 қараша күні олар күндізгі уақытта пәтерде спирттік ішімдік ішіп, жөндеу жұмыстарын жасаған. Кейін еденді дұрыс құймағаны үшін жанжал туындаған.
«Мен пышақталған сәтті көрмедім. Кейін ауруханада көзімді аштым, сол жерде маған ота жасалды. Әйеліме ешқандай шағымым жоқ. Соттан оны бас бостандығынан айырмауды сұраймын», – деп көрсетілген сот үкімінде.
Оқиғадан кейін әйел өз әрекетіне өкініп, жедел жәрдемді өзі шақырған. Алайда жәбірленушінің кешіріміне қарамастан, сот әйелді 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.


