
Қайғылы оқиға 15 сәуір күні Павлодар қаласындағы әскери бөлімдердің бірінде болды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Салдарынан 21 жастағы сарбаз қаза тауып, тағы бірі ауыр жарақат алды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, сарбаздардың бірі бекітілген қарудан оқ атқан.
Оқиға салдарынан бір әскери қызметші сол жерде көз жұмса, екіншісі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
«Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жәбірленушіге қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Тергеу барысын Әскери-тергеу департаменті бақылап отыр», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Денсаулық сақтау басқармасының дерегіне сәйкес, 2001 жылы туған жаралы сарбаз Павлодар қалалық №1 ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылған.
Дәрігерлер оның жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалап отыр.
Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен жағдайлары жан-жақты тексерілуде.



