Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Депутат әуе тасымалындағы жүйелі мәселелерді сынға алды

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова авиациялық қызмет мәселелері бойынша Қоғамдық палата отырысында жолаушылар әуе тасымалы саласындағы жүйелі проблемаларды көтерді. Ол Алматы әуежайындағы жағдайды, сервистің төмен деңгейін және жолаушыларға деген көзқарасты қатаң сынға алды. Бұл туралы Qandastar.kz порталы Мой город сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Депутаттың айтуынша, елдегі әуе билеттеріне сұраныстың артуы авиация саласының дамуына емес, балама көлік түрлерінің нашарлауына байланысты. Әсіресе теміржол қатынасының қиындауы мен өңірлік әуе рейстерінің тапшылығы халықты амалсыздан ұшақпен қатынауға мәжбүр етіп отыр.

— Қазір 12 миллион адам әуе көлігімен ұшып жүрсе, бұл бізде әуе қатынасы өте жақсы болғандықтан емес, пойызбен жүру мүмкін болмағандықтан. Бұрын Алматыдан Астанаға 12 сағатта жетсек, қазір 18 сағат жүреміз. Павлодар секілді ірі, индустриялық облыс орталығына ұшатын рейстердің болмауы — ойланатын жағдай, — деді Смирнова.

Сондай-ақ ол лоукостер әуе компанияларындағы жолаушыларға деген қарым-қатынасты сынға алды. Депутаттың сөзінше, кейбір арзан әуе тасымалдаушыларында клиентке қызмет көрсету мәдениеті сақталмайды.

— Жолаушыға ақша әкелген клиент ретінде емес, бөтен адамдай қарайды. Мұндай жағдайда ұшуға деген ниет те болмайды, — деп атап өтті ол.

Ирина Смирнова ұшқыштардың еңбек жағдайы мен зейнеткерлік жасына да ерекше тоқталды. Оның айтуынша, ұшқыштардың жұмыс жүктемесі жоғары болғанына қарамастан, олар жалпы тәртіппен 63 жаста зейнетке шығады. Депутат бұл мәселені авиациялық қауіпсіздік тұрғысынан қайта қарау қажет екенін айтты.

— Ұшқыштардан көптеген өтініш түсіп жатыр. Басқа елдерде, соның ішінде Ресейде, олар ертерек зейнетке шығады. Бұл — өте маңызды мәселе,-  деді Мәжіліс депутаты.

Оның пікірінше, авиация саласындағы проблемаларды кешенді түрде қарап, жолаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жүйе қалыптастыру қажет.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button