
World Boxing Organization шешімімен қазақстандық орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы тыйым салынған мельдоний затына байланысты допинг сынамасынан оң нәтиже көрсеткені үшін бір жылға жарыстардан шеттетілді. Бұл туралы Sports.kz сайтына сілтеме жасап, qandastar.kz хабарлады. Соған қарамастан, боксшы чемпиондық атақтарынан айырылған жоқ.
Шеттету мерзімі ішінде Әлімханұлына кәсіби де, көрме жекпе-жектеріне де қатысуға рұқсат берілмейді. Орта салмақтағы белсенділікті сақтау үшін WBO уақытша чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізуге келісім берді. Рейтингтің бірінші нөмірі Дензел Бентли екінші орында тұрған Энди Сааведра қарсыласымен шаршы алаңға шығады.
Ұйым өкілдерінің мәлімдеуінше, шеттету мерзімі аяқталғаннан кейін Әлімханұлы уақытша чемпионмен міндетті жекпе-жек өткізуі тиіс. Егер бұл талап орындалмаса, регламентке сәйкес қосымша санкциялар қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ, жазаның аяқталуына дейін аралық кездесу өткізуге тыйым салынған.
WBO президенті Густаво Оливьери Чемпиондық жекпе-жектер жөніндегі комитет шешімді бірауыздан қабылдағанын айтты. Жаза мерзімі 2025 жылдың 2 желтоқсанынан бастап есептеледі. Толық ресми құжат кейін жарияланады.
Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсан айының басында Әлімханұлының Эрисланди Лара қарсы үш белбеу үшін жоспарланған жекпе-жегі алдында оның сынамасынан антидопинг ережелерімен тыйым салынған мельдоний табылған еді.
Қазіргі уақытта Жәнібек Әлімханұлы WBO рейтингінде көшбасшылық орнын сақтап отыр.

