Алматы таулы аймақтарында қар көшкіні қаупі жоғары деңгейде сақталуына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қар көшкіні жүруі мүмкін аумақтарда арнайы блок-бекеттер орнатылған. Бұл туралы ТЖМ ақпаратына сілтеме жасаған Qandastar.kz хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, қала маңындағы тауларда табиғи қауіп әлі де өзекті болып отыр. Осыған орай азаматтарға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, таулы жерлерге уақытша бармау ұсынылды.
«Таулы аймақтарға баруды жоспарлау кезінде қалыптасқан ауа райы жағдайларын және уәкілетті қызметтердің ресми ескертулерін ескерулеріңізді сұраймыз», — делінген хабарламада.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қауіпті учаскелерге бақылау күшейтіліп, блок-бекеттер қойылған. Сонымен қатар Алматы қалалық ТЖД 23 ақпанда қалада тұман түсіп, таулы аймақтарда желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал екенін ескертіп, қолайсыз ауа райына байланысты дауылдық ескерту жарияланғанын мәлімдеді.



