Алматы тауларында қар астында қалып қойған туристің денесі табылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Алматы тауларында Медеу ауданының Титов асуында 3400 метр биіктікте екі турист қар астында калып қойған.
Олардың біреуі өздігінен шыққан.
«Оқиға орнына Алматы қаласы ТЖД 23-әмбебап құтқару бөлімшесінің құтқарушылары, «Барыс» РММ қызметкерлері, кинологиялық жасақ пен еріктілер дереу жіберілді.
Іздестіру-құтқару операциясы барысында ұшқышсыз ұшу аппараты қолданылды», — делінген мәлімдемеде.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде қардың астынан қаза тапқан адамның денесі шығарылды.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен құтқару қызметінің психологтары жұмыс істеді.


