Түркияның Анталья қаласында жасырынып жүрген Қазақстан азаматы халықаралық іздеу нәтижесінде ұсталып, елге экстрадицияланды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ол бірнеше рет аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылмақ.
Тергеу мәліметінше, күдікті 2019–2020 жылдары Шымкент қаласының төрт тұрғынын алдап, олардың ақшалай қаражаты мен жер учаскелерін иемденген. Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 95 миллион теңгені құрайды.
Қылмыс әшкереленген соң, ол жауапкершіліктен жалтару үшін бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған.
Кейін Түркия аумағында ұсталып, ресми сұрау салу негізінде Қазақстанға жеткізілді.
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды. Заң бойынша оған мүлкін тәркілеу және 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.



