Әлеумет және қоғам

Павлодарда «Әділет жолы» атты танымдық экскурсия өтті

Павлодар облысы полиция департаментінде студенттерге арналған экскурсия ұйымдастырылып, олар құқық қорғау органдарының қызметімен, заманауи технологияларымен және кәсіби мүмкіндіктерімен танысты.

Павлодар облысы полиция департаментінде «Әділет жолы» атты экскурсия С. Торайғыров атындағы университеттің 4-курс студенттері үшін ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеме жасап. Іс-шараның басты мақсаты – жастарды полиция қызметінің жұмысымен таныстырып, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау.

Ашық есік күні аясында студенттерге әскери-патриоттық тәрбие беру, мәдени және зияткерлік дамуды қолдау, сондай-ақ полиция қызметінің беделін арттыру көзделді. Павлодар облысы ПД жеке құраммен жұмыс басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бейбіт Жақыпов студенттерге болашақта ішкі істер органдарына жұмысқа орналасу үшін қажетті құжаттарды жинауға әлі уақыт бар екенін атап өтті.

Жедел басқару орталығында студенттер қоғамдық тәртіпті бақылау және азаматтардың қауіпсіздігін нақты уақыт режимінде қамтамасыз ететін заманауи технологиялармен танысты.

Экскурсиядан кейін қатысушылар тарих және жауынгерлік даңқ музейіне барды. Мұнда полиция қызметінің тарихы мен жетістіктері туралы ақпарат беріліп, ретро фотосуреттер, әр дәуірдің қалпына келтірілген қызметтік киімдері, қару-жарақ, марапаттар мен Ішкі істер органдарының айырым белгілері ұсынылды.

Сондай-ақ, студенттер полиция қызметінің ерекшеліктерімен танысып, ведомстволық жоғары оқу орындарына түсу туралы ақпаратты тікелей мамандардан алды. Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігі жүйесінде Алматы, Қарағанды, Қостанай және Ақтөбе қалаларында төрт ведомстволық оқу орны жұмыс істейді.

Іс-шара соңында студенттер полиция департаменті қызметкерлеріне қызықты және жан-жақты мәлімет бергені үшін алғыстарын білдірді.

Ақпарат көзі: Polisia.kz – https://polisia.kz/zang-zhane-tartip-pavlodarda-ashyq-esik-kuni-otti/

Ұқсас Мақалалар

Back to top button