
Ақтөбе облысында шахтерлер мен көңіл көтеру орындарын бопсалаған қылмыстық топтардың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
ІІМ мәліметінше, наурыз айында жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде құқық қорғау органдары бопсалаумен айналысқан екі бірдей ұйымдасқан топты ұстады.
Хромтау қаласында күдіктілер жергілікті шахтерлерді қорқытып, күш қолдану арқылы ақша талап еткен. Алайда жәбірленушілер ұзақ уақыт бойы полицияға шағымданбаған.
«Жедел қызметкерлер күдіктілердің жеке басын толық анықтап, жеткілікті дәлелдер жинады. Барлық қатысушыларды бір мезгілде ұстау операциясы жүргізілді. 20 санкцияланған тінту барысында ақша қаражаты мен өзге де айғақ заттар тәркіленді», – деп хабарлады полиция.
Ұқсас қылмыстық әрекеттер Ақтөбе қаласында да тіркелген. Мұнда қылмыстық топ өкілдері көңіл көтеру орындарының қызметкерлеріне қысым көрсетіп, күзетшілерге күш қолданған.
«Күдіктілердің барлығы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың өзге де қылмыстарға қатысы тексерілуде», – делінген ресми хабарламада.
Қазіргі таңда аталған фактілер бойынша бопсалау деректерімен қылмыстық істер қозғалды. Сонымен қатар заңсыз ұстау және бас бостандығынан айыру фактілері бойынша қосымша тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция жедел әрекет нәтижесінде қылмыстық топтардың жолын кесіп, ауыр зардаптардың алдын алғанын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.



