Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Жаңа Конституция қағидаттары білім беру жүйесіне енгізіледі — Бектенов

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздің жаңа Конституциясын кеңінен түсіндіруге бағытталған жұмыстың жүйелі түрде жүріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Оның айтуынша, бұл бағыт Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске асырылып жатыр.

Бектенов қазіргі таңда сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен Конституциядағы өзгерістерді халыққа жеткізу бойынша ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет еліміздің Конституциясын түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті.

Қазіргі таңда сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен Конституцияның барлық новеллалары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде», — деп атап өтті үкімет басшысы.

Премьер-министр бірқатар мемлекеттік органға нақты міндеттер жүктеді.

Атап айтқанда, Мәдениет және ақпарат министрлігіне бұл бағыттағы жұмысты үйлестіріп, жалғастыру тапсырылды.

Ал білім беру саласына жауапты ведомстволарға құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған жаңа бағдарламаларды әзірлеу жүктелді.

«Мәдениет және ақпарат министрлігі уәкілетті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, осы бағытта жоспарлы жұмысты одан әрі жалғастыруы қажет.

Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері халықтың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру жөніндегі кешенді бағдарламаны уақтылы әзірлеп, Конституцияның тың қағидаттарын мектептер мен колледждердің және университеттердің үлгілік оқу бағдарламаларына енгізуді қамтамасыз етуге тиіс», — деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, заңнаманы жаңарту мәселесіне де ерекше назар аударылды.

Үкімет басшысы барлық заңдар мен бағдарламалық құжаттарды Конституция талаптарына сәйкестендіруді тапсырды.

«Жаңа Конституция нормаларын ескере отырып, белгіленген мерзімдерде қолданыстағы заңнамаға кешенді талдау жүргізіп, барлық заңдар мен бағдарламалық құжаттарды өзектендіру жұмыстарын аяқтау қажет.

Барлық орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарға Іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырамын», — деп атап өтті Бектенов.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button