Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Астаналық емханада бюджет қаржысы шетелге сапар мен қымбат техникаға жұмсалған

Елорда прокуратурасы қалалық медициналық ұйымдардың бірінде бюджет қаражатын заңсыз иемдену дерегін анықтады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Қадағалау органы жүргізген тексеру нәтижесінде емхананың бұрынғы басшылық құрамына қатысты жүйелі түрде ұйымдастырылған қаржылық бұзушылықтар әшкереленді.

Тергеу мәліметіне сәйкес, лауазымды тұлғалар азаматтарды емдеуге бөлінген мемлекеттік қаражатты ұзақ уақыт бойы заңсыз шығару схемасын іске асырған.

Аталған қаражат жақын туыстар мен үлестес тұлғалардың есепшоттарына аударылып, жалған қаржылық операциялар арқылы заңды төлемдер ретінде көрсетілген.

Алдын ала деректерге қарағанда, жымқырылған қаржының бір бөлігі қымбат тұрмыстық техника алуға және шетелге, соның ішінде Италияға туристік сапарларды қаржыландыруға жұмсалған.

Қазіргі уақытта мемлекетке келтірілген жалпы шығын көлемі 675 млн теңгеден асқаны анықталды.

Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде жымқыру) негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Іс бойынша елорда прокуратурасының арнайы прокурорлары тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button