ҚР ІІМ Ұлттық ұланы әскери бөлімдерде жасанды интеллект технологияларын енгізуді бастады. Бұл бастама президенттің цифрландыруды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлады.
Қазіргі уақытта Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде жасанды интеллектке негізделген бейнебақылау жүйесі сынақтан өтуде. Жүйе бұрыннан орнатылған камераларға қосылып, тәулік бойы бейнежазбаларды автоматты түрде талдайды.
Жаңа технологияның басты ерекшелігі – сарбаздардың тек әрекетін ғана емес, олардың мінез-құлқы мен эмоциялық жағдайын да бақылауында. Егер жүйе сарбаздың мінезінде күмәнді өзгерістерді немесе агрессия белгілерін анықтаса, ол бірден бөлім командирлеріне, тәрбиешілерге және психологтарға хабарлама жібереді. Бұл жағдайға дер кезінде жауап беруге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ барлық бейнематериалдар арнайы платформада сақталады.
Егер бұл жүйе өзінің тиімділігін дәлелдесе, алдағы уақытта оны басқа әскери бөлімдерге де енгізу жоспарланып отыр.



