Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Алтын қымбаттауы: жаһандық дағдарыс пен Қазақстанның алтын қоры

Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай аясында алтын бағасы айтарлықтай өсіп, 1 грамы шамамен 70 мың теңгеге жетті. Сарапшылар мұны әлемдік тұрақсыздық пен ақша массасының ұлғаюымен байланыстырады. Қазақстанда алтын өндірісі мен алтын-валюта қоры артып, Ұлттық банк оны экономикалық тұрақтылықты сақтаудың негізгі құралы ретінде пайдалануда.

Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс аясында алтын нарығында айтарлықтай өсім байқалып отыр. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады. Қазіргі таңда бағалы металдың 1 грамы шамамен 70 098 теңгеге жеткен.  Соңғы аптада бағада аздап төмендеу болғанымен, сарапшылар ұзақ мерзімді перспективада өсім сақталуы мүмкін екенін айтады. Осыған байланысты еліміздегі алтын-валюта қоры мен алтын өндірісінің жағдайына тоқталып өтейік.

Алтын бағасы, мұнай секілді, әскери қақтығыстар мен жаһандық тұрақсыздық кезеңдерінде жиі қымбаттайды. Мәселен, 2003 жылғы Ирак соғысы кезінде алтын құны 5–6 пайызға артса, 2022 жылғы Ресей-Украина қақтығысы кезінде 2 000 доллар деңгейінен жоғарылаған. Қазіргі геосаяси ахуал да осы үрдістің жалғасуына ықпал етіп, унция бағасы 4 600–5 500 доллар аралығына дейін көтерілген.

Экономист Сапарбай Жобаевтың пікірінше, алтын бағасының өсуіне тек геосаяси факторлар емес, әлемдік ақша массасының ұлғаюы да әсер етіп отыр. Оның айтуынша, ірі мемлекеттер мен инвестициялық қорлар қаражатын сенімді активтерге орналастыруға ұмтылады, соның ішінде алтын басты бағыттардың біріне айналған.

Қазақстан да алтын қорын арттыру саясатын ұстанып келеді. Соңғы жылдары елдің алтын резервтері айтарлықтай өсіп, әлемдік рейтингте алдыңғы орындардың біріне шықты. Ұлттық банктің мәліметінше, қазіргі таңда алтын-валюта резервтерінің басым бөлігі алтын активтерінен тұрады.

Елімізде алтын өндіру саласы да дамыған. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректеріне сәйкес, алтын өндіруге лицензиясы бар 52 компания жұмыс істейді. Олар жылына орта есеппен 40 тоннаға жуық алтын өндіреді. Өндірілген өнімнің негізгі бөлігі Ұлттық банк тарапынан сатып алынады.

Соңғы жылдары Ұлттық банк отандық өндірушілерден жүздеген тонна алтын сатып алып, халықаралық резервтерді толықтыруды жалғастырып отыр. Сарапшылар мұндай саясатты ұлттық валютаның тұрақтылығын сақтау және инфляцияны тежеу мақсатымен байланыстырады.

Экономистердің айтуынша, алтын – тек инвестициялық құрал ғана емес, елдің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық актив. Оның бағасы әлемдік нарықтағы тұрақсыздық кезеңдерінде жиі өсіп, инвесторлар үшін ең сенімді активтердің бірі болып қала береді.

Толығырақ: Kazinform.kz.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button