Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Қарағандыда балалар алаңында ер адам жасөспірімді тұншықтырған (ВИДЕО)

Қарағанды облысында балалар арасындағы жанжал ересектердің араласуымен ушығып кетті.

Оқиға 12 сәуір күні көпқабатты тұрғын үйдің ауласында болған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Алдын ала мәлімет бойынша, ойын алаңында балалар арасында түсініспеушілік туындаған.

Солардың бірі ата-анасына хабарласып, көмекке шақырған. Көп ұзамай аулаға келген ересектер жанжалға араласып, жағдайды одан әрі күрделендірген.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада көліктен түскен ер адам мен әйелдің балаларға қарай бет алғаны байқалады.

Әйел өз баласы нұсқаған жасөспірімге дауыс көтерсе, кейін ер адам оған күш қолданып, салдарынан бала жерге құлаған. Біраз уақыт бойы есін жия алмағаны да көрінеді.

Аталған дерек бойынша ресми шағым түспеген. Соған қарамастан, полиция оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаны анықтаған.

Ведомство мәліметінше, қатысушылардың барлығы полиция бөліміне жеткізіліп, жағдайдың мән-жайы жан-жақты тексеріліп жатыр.

Құқық қорғау органдары жанжалдың себептерін анықтап, әр әрекетке заң аясында баға беретін болады.

Полиция өкілдері кез келген дауды заң шеңберінде шешу қажеттігін еске салып, күш қолдануға жол берілмейтінін атап өтті.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button