Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Жалған марапаттарға заңдық шектеу қою ұсынылды

Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалды қоғамда кең таралып бара жатқан жалған марапаттар мәселесін көтерді. Ол Аида Балаева атына жолдаған сауалында мұндай атақтардың беделді мемлекеттік наградалармен шатастырылатынын атап өтті. Осыған байланысты депутат қоғамдық марапаттарды заңмен реттеу, олардың атауы мен қолданылуына шектеу енгізу қажеттігін ұсынды.

Мәжіліс отырысында депутат Ерболат Сатыбалды Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева атына жалған марапаттарға қатысты депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Nur.kz сайтына сілтеп хабарлады.

Депутаттың айтуынша, қазіргі кезде «Қазақстанның құрметті азаматы», «Ұлт ұстазы», «Ғасыр ұстазы», «Қазақстанның қайраткері» сияқты атақтар бейберекет таратылып, олардың мәні төмендеп кеткен. Ол мұндай жалған марапаттарға заң жүзінде шектеу қоюды ұсынды.

Оның пікірінше, әсіресе той-томалақтарда орынсыз марапаттау көбейіп кеткен. Мысалы, құдаларға «үздік құда» деген төсбелгілер беру сияқты әрекеттер марапаттың қадірін түсіріп, оны жай ойыншық деңгейіне жеткізген.

Бұл құбылыс тек тұрмыстық деңгейде қалып қоймай, еңбек ұжымдары мен түрлі ұйымдарға да таралған. Қазіргі таңда жалған медальдар мен төсбелгілерге сұраныс артып, оларды алу сәнге айналған. Алайда олардың құндылығы шынайы мемлекеттік марапаттармен салыстыруға келмейді.

Мысал ретінде, 2025 жылғы 25 желтоқсанда «Qazaqstan ardagerleri» қоғамдық бірлестігі бірнеше азаматқа Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс», «Батыр шапағаты», «Ел жанашыры» белгілерін табыстаған. Бұл марапаттардың атауы мен сыртқы бейнесі мемлекеттік наградаларға ұқсас деп танылып, ұйымдастырушылардың бірі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынған.

Депутаттың сөзінше, қазіргі заңнамада «қоғамдық марапат» ұғымы нақты анықталмаған. Соның салдарынан түрлі ұйымдар беретін марапаттар заңдық тұрғыдан реттелмей отыр. Сонымен қатар, мұндай марапаттарда тарихи тұлғалардың есімдерін және «Құрметті», «Еңбек сіңірген», «Даңқ», «Батыр», «Намыс» сияқты атауларды қолдану жиілеген. Бұл өз кезегінде мемлекеттік марапаттармен шатастыру қаупін туғызады.

Осы мәселеге байланысты депутат үкіметке бірқатар ұсыныс жасады. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға «қоғамдық марапат» ұғымын енгізу, олардың құқықтық мәртебесін нақтылау, тарихи тұлғалардың есімдерін және жоғары мәртебелі атауларды қолдануға шектеу қою ұсынылды.

Сондай-ақ қоғамдық марапаттардың атауы мен дизайнын алдын ала геральдикалық және құқықтық сараптамадан өткізу, мемлекеттік наградаларға ұқсас белгілерді жасау мен таратуға тыйым салу және бұл бағыттағы жауапкершілікті күшейту қажеттігі атап өтілді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button