Ақорданың баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумындағы панельдік сессияда БҰҰ-ның болашағына қатысты көзқарасын білдірді. Ол алдымен Түркияның, соның ішінде Президент Режеп Тайып Ердоғанның басшылығымен өңірдегі маңызды рөлін атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркия аймақтағы күрделі мәселелерді шешуде елеулі үлес қоса алатынын айтып, Ердоғанның алдағы Қазақстанға сапарын күтетінін жеткізді.
Президент өз сөзінде жаһандық қауіп-қатерлерге де тоқталды. Оның айтуынша, халықаралық шиеленістер бұрынғыдай тек аймақтық деңгейде қалып қоймай, жаһандық сипат алып отыр. Бұл тұрғыда БҰҰ-ның рөлі ерекше маңызды болғанымен, ұйымды тек қолдап қана қоймай, оны реформалау қажеттігі де жиі айтылып келеді. Алайда мұндай өзгерістердің жақын арада жүзеге асатынына сенім аз. Тоқаев БҰҰ-ны жаңғыртудың негізгі тетігі ретінде Қауіпсіздік Кеңесін атады.
Сонымен қатар, ол қазіргі әлем лидерлері үшін жауапкершілік пен стратегиялық ұстамдылықтың маңызына назар аударды. Оның пікірінше, күрделі халықаралық жағдайдан шығудың жолы – салқынқандылық танытып, бейбітшілік пен қауіпсіздікке басымдық беру.
Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы ахуалға да тоқталып, әсіресе Иран төңірегіндегі шиеленісті атап өтті. Қазақстан барлық тараптарды әскери әрекеттерді тоқтатуға және ұстамдылыққа шақырған. Тоқаевтың айтуынша, бұл қақтығыстар ең алдымен экономикаға кері әсер етуде. Сонымен бірге ол мәселенің түп-төркіні ядролық технологиялар мен қарудың таралуына байланысты екенін, сондықтан бұл тақырып келіссөздердің басты өзегі болуы тиіс екенін айтты.
Президент БҰҰ-ны реформалау мәселесіне қайта оралып, бұл үдерісте прагматикалық тәсіл қажет екенін атап өтті. Ол «орта державалардың» рөлін ерекше атап өтіп, олардың жаһандық мәселелерде жауапкершілікті жиі өз мойнына алып отырғанын жеткізді. Ал ірі державалар кей жағдайда керісінше, маңызды шешімдерге кедергі келтіріп отырғанын жасырмады.
Сондай-ақ Тоқаев халықаралық ұйымдардың ықпалы әлсіреп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, маңызды келіссөздер көбіне БҰҰ алаңынан тыс жерлерде өтуде, бұл ұйым беделінің төмендеуін көрсетеді. Президент үшін басты мәселе – келесі басшы кім болатынында емес, БҰҰ жүйесінің болашағында.
Ол Қауіпсіздік Кеңесінің қазіргі жұмысын да сынға алып, кей жағдайларда дәл осы орган халықаралық мәселелерді шешуге кедергі келтіріп отырғанын айтты. Нәтижесінде мемлекеттер балама келіссөз алаңдарын іздеуге мәжбүр.
Сөз соңында Мемлекет басшысы БҰҰ тәсілдерін жаңарту қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, ұйым Жарғысындағы кейбір ескі ұғымдар қазіргі шындыққа сай келмейді. Бүгінде бұрын «жау мемлекеттер» саналған елдердің өзі БҰҰ қызметіне белсенді қатысып отыр. Сондықтан негізгі міндет – ұйымның тиімділігі мен беделін арттыру.
Қорытындылай келе, Тоқаев превентивті дипломатияның маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыт көп жылдан бері талқыланғанымен, нақты нәтиже аз. Сол себепті мемлекеттер қақтығыстардың алдын алуға бағытталған шараларды күшейтіп, көпжақты дипломатияны дамыту үшін күш біріктіруі қажет.



