Астана қалалық мәслихатының отырысында белгілі журналист Ләйлә Сұлтанқызы өнер адамдарына қатысты жаңа бастама көтерді, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты “КТК” арнасына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, жастарға үлгі болатын танымал тұлғалар қоғам талабына сай болуы керек. Сол себепті шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, өнер өкілдерін міндетті медициналық тексеруден, соның ішінде есірткіге тест тапсырудан өткізу ұсынылды.
“Зайырлы мемлекеттерде танымал тұлғаларды жүйелі тексеру тәжірибесі бар. Біз де қоғамға әсер ететін адамдарды бақылауды күшейтіп, ата-анамен және қоғаммен бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Егер осындай тәртіп енгізілсе, бұл басқа адамдарға да ой салады”, – деді Ләйлә Сұлтанқызы.
Депутаттың айтуынша, кейбір елдерде өнер адамдары тұрақты медициналық бақылаудан өтеді, ал есірткі анықталған жағдайда жауапкершілікке тартылады және бұл ақпарат ашық жариялануы мүмкін.
Бұл бастама қоғамда әртүрлі пікір туғызды. Кейбір өнер өкілдері оны қолдаса, енді бірі мұндай тексерістердің жеке құқық пен беделге әсер етуі мүмкін екенін алға тартты.
Мәселен, әнші Асан Пердешов есірткіге қарсы екенін айтып, кез келген тексеріске дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар ол кейбір медициналық немесе тағамдық факторлар да нәтижеге әсер етуі мүмкін екенін ескеріп, ақпаратты жариялау кезінде сақ болу керегін айтты.



